Style|Fashion

Қазақстандық модель Rick Owens көрсетілімінде дебют жасады

Автор Tatler Kazakhstan
22.01.2026
 Bacca Models Kazakhstan
IMAGE Bacca Models Kazakhstan
20 жастағы Арман Смайыл әлемдік сән әлемін бағындыруда

Павлодар қаласының тумасы, 20 жастағы Арман Смайыл культтік дизайнер Рик Оуэнстің көрсетілімінде алғаш рет бой көрсетті. Жас қазақстандық үшін бұл қадам халықаралық модельдік мансабындағы алғашқы ірі жетістік болып тіркелді.

Арман Павлодарда өсіп, ондағы музыкалық колледжді тәмамдаған. Оның кәсіби жолы әу баста музыкамен тығыз байланысты болып, ол джаз бағытындағы барабаншы ретінде қалыптасқан еді. Қазіргі таңда Арман Алматыдағы консерваторияның бірінші курсында білім алып жатыр.

Жас модель бұған дейін модельдік мансап туралы мүлдем ойланбаған болатын. Өміріндегі бетбұрысы осыдан үш ай бұрын Bacca Models скаутының назарына іліккен сәтте басталып, араға небары екі ай салып ол IMG Models Paris халықаралық агенттігімен келісімшартқа отырды.

Мұндай қарқынды табысқа қарамастан, Арман музыкадан бас тартпақ емес: оның асқақ арманы – еуропалық консерваториялардың біріне оқуға түсіп, кәсіби джазбен айналысуды жалғастыра отырып, модельдік мансабын қатар дамыту.

Қазақстандық модельдер үшін 2026 жыл ерекше сәтті басталды. Мәселен, Әли Данияров осымен төртінші рет Prada подиумына шықса, Қазақстанның бірден екі өкілі – Эрик Ильин мен Әлжан Жандарбеков Фаррелл Уильямстың жетекшілігімен өткен Louis Vuitton көрсетіліміне қатысты. Сондай-ақ Әлжан Жандарбеков Dior шоуында да бой көрсетті.