Style|Fashion

Louis Vuitton көрсетіліміне қазақстандық қос модель қатар қатысты

Автор Tatler Kazakhstan
22.01.2026
Қазақстандық модель Эрик Ильин | Louis Vuitton | Spotlight
IMAGE Қазақстандық модель Эрик Ильин | Louis Vuitton | Spotlight
20 қаңтар күні Париж төрінде Louis Vuitton брендінің ерлерге арналған жаңа топтамасы таныстырылды. Бұл айтулы шараға қазақстандық қос модель де қатысып, сән әлемінің назарын аударды. Эрик Ильин үшін бұл аталған брендпен жасалған екінші жұмысы болса, Әлжан Жандарбеков халықаралық подиумда алғаш рет бой көрсетті

«Timeless» деп аталған бұл топтаманы брендтің ерлер желісі бойынша креативті директоры Фаррелл Уильямс көпшілікке ұсынды. Дизайнердің негізгі идеясы – киім пішу өнерінің классикалық қағидаларын заманауи технологиялармен және қымбат материалдармен шебер ұштастыру. Подиумда металл жіптермен өрнектелген жейделермен, құндыз жүнінен тоқылған жемпірлермен, сондай-ақ қолтырауын терісінен тігілген бомберлермен толықтырылған классикалық костюмдер көрсетілді.

Эрик Ильин подиумға сұр түсті костюм, ұзын қызыл пальто және биыл 130 жылдығын атап өтетін Louis Vuitton-ның атақты монограммасы бейнеленген бөрік киіп шықты. Эрик осымен екінші жыл қатарынан Louis Vuitton шоуына қатысып отыр. Былтырғы көрсетілімнен кейін ол тек сахнаның ғана емес, дайындық барысының да жоғары деңгейде болғанын атап өткен еді. Оның айтуынша, әдетте мұндай шараларда вегетариандық тағамдар ұсынылады, алайда Louis Vuitton ұйымдастырушылары модельдерді ет тағамдарының молдығымен таңғалдырған. Эрик өзінің нағыз қазақстандық екенін дәлелдеп, мұндай қонақжайлылыққа ерекше риза болғанын жасырмады. Біздің «Love/Hate» айдарымызда ол өзінің тағы қандай нәрселерді ұнатып, нені жек көретіні туралы толығырақ баяндап берген болатын.

Модель Эрик Ильин | Louis Vuitton | Spotlight
IMAGE Модель Эрик Ильин | Louis Vuitton | Spotlight
Модель Эрик Ильин | Louis Vuitton | Spotlight
IMAGE Модель Эрик Ильин | Louis Vuitton | Spotlight

Сонымен қатар, Эрик халықаралық сән индустриясында қазақстандық модельдердің қатары артып келе жатқанын жеткізді. «Бұл өте қуанышты жағдай. Еуропаға жұмысқа келгенде, ол жақта өз жерлестеріңнің жүргенін білу көңілге демеу болады. Жуырда Әли есімді жігітпен таныстым. Ол Үндістан, Германия, Англия, Қазақстан және Беларусь елдерінен келген модельдерге арнап нағыз бешбармақ асып, бәрімізге дәм таттырды», – деп бөлісті модель. 

Жақында ғана Gucci брендінің жарнамалық науқанына түсіп үлгерген Эрик Ильин үшін биылғы жылдың басы айтарлықтай жемісті болып тұр.

Ал Әлжан Жандарбеков болса, Париждегі ерлер сән апталығына алғаш рет қатысты. Ол подиумға жағасы аң терісімен көмкерілген, хаки түсті парка киіп шықты. Халықаралық сахнаға алғаш қадам басқан жас модель үшін бұл әлемдік деңгейдегі үлкен танымалдылықтың бастамасы болмақ деп сенеміз.

Модель Әлжан Жандарбеков | Louis Vuitton | Spotlight
IMAGE Модель Әлжан Жандарбеков | Louis Vuitton | Spotlight
Модель Әлжан Жандарбеков | Louis Vuitton | Spotlight
IMAGE Модель Әлжан Жандарбеков | Louis Vuitton | Spotlight