Style|Fashion

Қазақстандық Эрик Ильин Gucci-дің жаңа кампейніне түсті

Автор Tatler Kazakhstan
21.01.2026
Gucci
IMAGE Gucci
Gucci сән үйі қазақстандық модельдің қатысуымен көктем-жаз маусымына арналған «La Famiglia» топтамасының жарнамалық науқанын таныстырды

Эрик Ильиннің подиумдағы жолы 2025 жылы Миланда өткен Versace көрсетілімінен басталған еді. Одан кейін ол Louis Vuitton, Ralph Lauren және Issey Miyake шоуларында бой көрсетіп үлгерді. Енді, міне, оның мансабында кезекті айтулы белес – брендтің жаңа креативті директоры Демна Гвасалияның жетекшілігімен түсірілген Gucci кампейніне қатысу.

«Жиын» (The Gathering) деп аталған бұл науқан жақындық пен бірлік сезімін дәріптеп, өмірдегі шын мәнінде маңызды жандарға назар аударады. Промо-бейнебаянның кейіпкерлері салтанатты отбасылық кешкі асқа жиналған жандардай әсер қалдырады.

Қазақстандық Эрик Ильин Gucci-дің жаңа кампейніне түсті

Демна «La Famiglia» лукбугында италиялық отбасының архетиптерін жіліктеп шақса, бұл жолы дизайнер аталмыш тақырыпты тереңдете зерттеп, «таңдамалы отбасы» – яғни адамның өз қалауымен табысқан рухани жақын жандары феноменіне үңіледі.

Демнаның Gucci-ге келуі соңғы жылдардағы сән әлемінің ең елеулі жаңалықтарының бірі болды. 2025 жылы креативті директор болып тағайындалған ол сән үйінің бай мұрасын сақтай отырып, брендке жаңашыл көзқарас пен эксперименталды сипат ала келді. Демнаның Gucci үшін әзірлеген алғашқы толыққанды топтамасы осы жылы Милан сән апталығы аясында таныстырылады деп күтілуде.

Бұған дейін Эрик Ильин Tatler-ге берген сұхбатында өзінің тыныс-тіршілігі мен талғамы туралы айтып берген болатын – толығырақ біздің материалдан оқи аласыздар.