Style|Fashion

Қазақстандық модель Әли Данияров Prada подиумына шықты

Автор Tatler Kazakhstan
19.01.2026
Prada | Spotlight
IMAGE Prada | Spotlight
Әли үшін бұл – Prada подиумына төртінші рет шығуы. Сән үйінің кастинг мәселесінде өте талғампаз әрі қатал екенін ескерсек, бұл үлкен жетістік. Prada модельдерді классикалық сұлулық заңдылықтарымен емес, интеллектуалды әрі мінезді типіне қарап таңдайды: күрделі сырт келбет, ішкі энергия және концепцияны жеткізе білу қабілеті. Әли бұл философияға толықтай үйлесе кетті

Әли (Асанәлі) Данияров әлемдік сән сахнасындағы орнын нығайтып келеді. 2026/2027-жылғы күз-қыс маусымының ерлер сән апталығы аясында ол Prada подиумына төртінші рет шығып, жаңа буынның ең сұранысқа ие модельдерінің бірі екенін дәлелдеді.

Әлидің дебюті 18 жасында 2025-жылғы көктем-жаз маусымының Милан сән апталығында өтті. Оның мансабы бірден жоғары деңгейден басталды: жаңадан келген модель үшін сирек кездесетін жағдай – ол бірден Fendi және Prada көрсетілімдеріне қатысты. Осыдан кейін оның портфолиосы Loewe, Dolce & Gabbana, Sacai және Dries Van Noten шоуларымен толықты.

Prada бұл жолы иронияға толы 2026/2027-жылғы күз-қыс топтамасын ұсынды. Миучча Прада мен Раф Симонс кезекті рет «кедейлік» эстетикасымен жұмыс істеген. Үстіңгі қабаты сылынып, астынан алдыңғы қабаты көрініп тұратын сырт киімдер (кескіндемедегі пентименто әдісіне ұқсас), жейде жеңдеріндегі «дақтар», сыңары жоғалғандай жалғыз қалған түймелер. Бұл әдемі, бірақ ескіргендей көрінетін заттар – өткен шақта қалған салтанатты өмірдің естелігі іспеттес.

Әли подиумда минималистік образды таныстырды: ұзын сұр пальто, лаванда түсті жейде, кең шалбар және жұмсақ қалпақ.

Prada | Spotlight
IMAGE Prada | Spotlight

Бұған дейін Tatler Әли Данияровпен сұхбаттасып, оның сән әлемінде нені ұнатып, нені ұнатпайтыны туралы бөліскен болатын.