Флоренцияда ерлер сәніне арналған ең ықпалды халықаралық көрмелердің бірі – жазғы Pitti Uomo 2026 басталды. Бұл шара дәстүрлі түрде жаңа маусымның шымылдығын түріп, жетекші брендтердің соңғы топтамалары мен трендтерін таныстыратын басты алаң саналады. Осы маусымда көрменің арнайы қонақтарының қатарына ирландиялық дизайнер Симон Роша да енді.


Қазақстандық оқырмандар үшін бұл шараның маңызы зор болды, себебі көрсетілімге жерлесіміз Әлжан Жандарбеков қатысты. Модель подиумға екі түрлі – ақ және қара образда шықты. Симон Роша жаңа топтамасында «әдемі маскулиндік» тұжырымдамасын әрі қарай дамыта түскен. Дизайнер ерлер гардеробының дәстүрлі элементтерін брендке тән поэтикалық әрі романтикалық детальдармен ұштастырып, өте жеңіл силуэттер жасап шығарған.

Әлжан Жандарбеков Silence Models агенттігінің атынан шығып жүр. Оның халықаралық аренадағы дебюті биыл ғана Париждегі ерлер сәні апталығында өтсе де, ол қысқа уақыт ішінде үлкен жетістіктерге жетті. Қазірдің өзінде модельдің портфолиосында Louis Vuitton, Dior, Dries Van Noten, Loewe, Bottega Veneta және Sacai сияқты әлемдік сән үйлерінің көрсетілімдері бар.


Pitti Uomo көрмесіне арнайы дизайнерлерді шақыру дәстүрі сонау 1990 жылдары басталған. Содан бері Флоренцияда Vivienne Westwood, Maison Margiela, Dries Van Noten және Yohji Yamamoto сияқты алыптар өздерінің эксклюзивті көрсетілімдерін өткізген еді. Симон Роша ерлер киімі бағытын 2022 жылдан бері дамытып келеді. Сондықтан Pitti Uomo-ға қатысу ол үшін үлкен белес әрі толыққанды подиумдық шоу форматындағы алғашқы жеке ерлер көрсетілімі болды.
