Style|Fashion

Love/Hate: Әлжан Жандарбеков ұнататын және жаны сүймейтін 10 дүние

Автор Сергей Калугин
01.02.2026
Әлжан Жандарбеков | Elvi Lamby
IMAGE Әлжан Жандарбеков | Elvi Lamby
Жабылып қалған дүкендер, сарымсақтың дәмі және еріктілер қозғалысы: танымал модель Әлжан Жандарбеков неден шабыт алып, нені жақтырмайды?

Қазақстандық модель Әлжан Жандарбеков 2026 жылдың басын үлкен жетістіктермен қарсы алды. Ол 20 қаңтарда Париж сән апталығы аясында Фаррелл Уильямстың жетекшілігімен өткен Louis Vuitton көрсетілімінде дебют жасап, келесі күні Dior шоуында бой көрсетті. Әлемдік подиумдарды бағындырып жүрген отандасымыз Tatler журналының дәстүрлі Love/Hate айдарына қонақ болып, өз өмірінің ақ-қарасын жіпке тізді.

Жаным сүйеді

  1. Аспаздық өнері. Бала кезден бұл мен үшін жай ғана әуестік емес, нағыз құштарлық. Тіпті болашақта кәсіби деңгейде айналысатын ісім де осы болмақ.
  2. Музыка – жан серігім. Өмірімді музыкасыз елестете алмаймын. Тек тыңдап қана қоймай, пианинода ойнаймын. Бұл – сезіміңді сөзсіз жеткізудің ең биік жолы.
  3. Сән әлеміне кәсіби көзқарас. Сән – бұл мен үшін тек сыртқы жылтырақ емес, ең алдымен қатал тәртіп, үздіксіз ізденіс пен өсу процесі.
  4. Мейірімділік пен еріктілік. бұралқы жануарларға көмектесуді өзімнің парызым деп санаймын. Кезінде анамның жануарларға арнап ашқан панажайы маған осы бір ізгіліктің үлгісін көрсетті.
  5. Спорт: жүзу, теннис және шахмат. Өзіңді шыңдаудың тағы бір тәсілі. Әрі физикалық, әрі интеллектуалдық дамудың тепе-теңдігі.
  6. Отбасым мен жақындарым. Менің бүгінгі жетістігім – солардың қолдауы мен сенімінің жемісі. Ұзақ та қиын жолда қасымнан табылған жақындарыма алғысым шексіз.
  7. Жаңа белестерді бағындыру. Тіл үйрену болсын немесе сахнадағы жүрісімді өзгеше қалыптастыру болсын – кез келген іске жаңалық енгізуді жақсы көремін.
  8. Саяхат пен таным. Мына ғаламның қаншалықты ғажайып екенін өз көзіңмен көріп, таңданудан жалықпаймын.
  9. Адреналин мен аттракциондар. Көңіл-күйді серпілтіп, бойға қуат беретін осындай сәттерді бағалаймын.
  10. Туған өлкем. Кім не десе де, Қазақстан – менің сағынышым, қайта орала беретін жалғыз мекенім.
Әлжан Жандарбеков | Elvi Lamby
IMAGE Әлжан Жандарбеков | Elvi Lamby

Жаным қаламайды

  1. Таңғы ұйқыны қию. Таң атпай тұрып, қараңғыда ұйқыңды қиып тұру – нағыз сын.
  2. Зарядталмаған телефон. Түні бойы қуаттағышқа қойып қойып, таңертең оның еш зарядталмағанын көруден бетер көңіл-күйді түсіретін ештеңе жоқ.
  3. Кептелісте тұру. Уақыттың босқа өткендігі жаныма батады.
  4. Сарымсақтың өткір дәмі. Оны таза күйінде жеуге мүлдем тәбетім тартпайды.
  5. Көрсетілімге қатысатының расталып, бірақ ең соңғы сәтте тізімнен шығарылып қалуың.
  6. Макияж шешу. Ұзақ түсірілімдер мен көрсетілімдерден шаршап келгенде, беттегі бояуды сүртудің өзі әжептәуір тірлік.
  7. Музыка тыңдап отырғанда құлаққаптың қуаты таусылып қалуы – өте жағымсыз жағдай.
  8. Ұшақтың кешігуі. Сапарға шыққанда рейстің кешігіп келуі жоспарды астаң-кестең етеді.
  9. Аштық сезімі. Қарын ашқанда адамның мазасы қашатыны белгілі.
  10. Кешкісін балмұздақ жегің келіп, дүкеннің жабылып қалуы.