Saint Laurent
Saint Laurent көрсетілімі Париждегі бұрын-соңды болмаған ыстық күндері өтті – подиумға шыққан жігіттер атмосфералық инсталляция шебері, жапондық суретші Фудзико Накаяның жасанды тұманын қақ жарып өтті. Сән үйінің креативті директоры Энтони Ваккарелло бұл топтаманы «еліктіруші күшке ие ұстамдылықты» зерттеу деп атады. Астарсыз жеңіл пиджактар, жұп-жұқа маталар, сарғыш әрі құм түстес тыныш реңктер мен кең пішім әуел баста қарапайым талғампаздық әсерін берді. Алайда, Saint Laurent-ға тән әдет бойынша, сыртқы байсалдылықтың астарында арандатушылық жасырылған еді. Жібек орамалдар мойынға алқадай тағылып, классикалық дерби туфлилері мөлдір болып шықты. Ал кейбір жігіттер, соның ішінде қазақстандық Данияр Берд те шалбардың орнына өте қысқа шорт киді. Топтама француз буржуазиясының классикасы мен жеңіл фетишизм арасындағы тамаша тепе-теңдікті сақтай білді. Ваккарелло бүгінде Saint Laurent-ның басты ерекшелігін дәл осы нәзік шекарада қалыптастырып отыр.
Loius Vuitton
Louis Vuitton көрсетілімі Париждің қақ ортасын теңіз жағалауына айналдырып жіберді: подиумға құм төселіп, екіге жарылған толқынды еске салатын алып су қабырғасы басты декорацияға айналды. Танымал музыкант әрі Louis Vuitton ерлер желісінің креативті директоры Фаррелл Уильямс бұл көңіл күйді денди стилі мен серфинг мәдениетін біріктіру арқылы жалғастырды. Қатаң пішімдер жұмсарып, киімдер еркіндей түсті, ал қымбат маталар күнге күйіп қалғандай әсер қалдырды. Подиумда гидрокостюмдер, серфинг тақталары, маржан тастарын еске салатын сөмкелер, ұлу қабыршағы мен шаян пішінді әшекейлер, сондай-ақ аса жеңіл Silk Tech материалынан тігілген жаңа киім үлгілері ұсынылды. Осылайша, Louis Vuitton соңғы маусымдардағы ең жарқын жаздық топтамасын жарыққа шығарды. Бұл топтама демалыс пен мұхитқа арналған, сондай-ақ құм мен тұзды судан қорықпайтын нағыз сән-салтанатты паш етті. Көрсетілімге Әлжан Жандарбеков те қатысты. Қазақстандық жігіт сұр түсті жолақ костюм киіп, оны питон терісіндей әрленген галстукпен үйлестірді. Бұл бейнені LV монограммасы бар көк кепка мен қызғылт рюкзак толықтыра түсті.
Vetements
Vetements (Витмо) брендінің жаңа топтамасында брендтің негізін қалаушы әрі креативті директоры Гурам Гвасалия үйреншікті гардеробты, оның ішінде кеңсе стилін бөлшектеп, қайта құрастыруды қолға алды. Бір қарағанда мінсіз көрінетін костюмдер әдейі «бұзылғандай» әсер берді: өңделмеген жеңдер, белбеуден шығып кеткен блузкалар, теріс айналдырыла киілген сырт киім мен артқа қарай байланған галстуктар көзге түсті. Топтама іскерлік қатаңдық, еркектік күш пен ашық сексуалдылықтың арасындағы тепе-теңдікті сақтады. Мәселен, еркектер подиумға әшекейленген туфли-қайықшалармен шықса, әйелдердің бейнесінде қара органза, тренчтер және қатаң пішілген киімдер басым болды. Дәл осы көрсетілімде Бритни Спирстің ұлдары – Шон Престон мен Джейден Федерлайн алғаш рет подиумға шықты. Алайда кештің басты оқиғасы – Голливуд жұлдызы Шэрон Стоунның ақ жакет, қара галстук және лакталған ботфорт киіп шыққан қорытынды сәті еді. Көпшілік бұл әсерлі нүктені Гурамның туған ағасы, Balenciaga сән үйінің креативті директоры Демнаға берген жауабы деп бағалап үлгерді. Себебі Демна жақында ғана өзінің Gucci-дегі көрсетілімінде дәл осы «Негізгі инстинкт» фильміне сілтеме жасаған болатын.
Dior
Париждегі қалыптан тыс аптап ыстыққа байланысты Dior ерлер топтамасының көрсетілімі күндізгі уақыттан таңғы 9-ға ауыстырылды. Қонақтарға ыстықтан қорғануға септігі тисін деп, оларға мұздай сүлгілер, күннен қорғайтын қолшатырлар және арнайы жазуы бар желпуіштер таратылды. Шоудың өзі қайта жөндеуден кейін ашылуға дайындалып жатқан Ниссим-де-Камондо музейінің бағында өтті. Британдық танымал дизайнер Джонатан Андерсон Dior-ға арналған жаңа ерлер топтамасында ресми киімдерді үй киімімен ұштастыра білді. Фрактар пижама жейделерімен, тренчтер халаттармен үйлесім тауып, ал қатаң блейзерлерге жайлы шәлі жағалар тағылды. Топтаманың негізінде Сән үйінің мұрағатымен жасалған өте нәзік жұмыс жатыр: Bar жакеті, кестеленген алдамшы галстуктар және астары жоқ, жұп-жұқа костюмдер заманауи қалпын сақтай отырып, Dior мұрасына құрмет көрсетті. Нәтижесінде классиканың зиялы әрі аздап бұзақылау көрінісі дүниеге келді, ал мұндағы ұқыпсыздық басты стильдік шешімге айналды. Көрсетілімге бірден екі қазақстандық жігіт қатысты. Әлжан Жандарбеков Dior подиумына осымен екінші рет шығып отырса, Данияр Берд үшін бұл француз Сән үйінің шоуындағы алғашқы қадамы болды.
Rick Owens
Америкалық авангард дизайнері Рик Оуэнстің Palais de Tokyo бассейнінің үстіне орнатылған подиумында су шапшымалары атқылап, еңселі сахна көрінісін жасады. Алайда бұл да қапырықтан құтқара алған жоқ. Топтама ішкі және сыртқы қысым идеясының айналасында құрылды: қатаң да мүсіндік пішімдер, қап-қара маталар және «күйзеліс архитектурасы ретіндегі дене» бейнесі көрсетілімнің басты көңіл күйін айқындап тұрды. Экзоқаңқаларды (адамның сыртқы бұлшықеттерін қолдайтын құрылғы) еске түсіретін конструкциялар мен Adidas-пен бірлесіп жасалған технологиялық киімдер – оның ішінде жүгіруге арналған кроссовкалар мен желдеткіші бар үрлемелі күртешелер басты назарда болды. Бұл төтенше жағдайда аман қалуға тырысатын адам денесін бейнелейтін, бір мезгілде күңгірт әрі технологиялық көрсетілім болып шықты.
Dries Van Noten
Dries Van Noten ерлер көрсетілімі Париждегі қажытатын аптап ыстыққа жаныңа сая болардай жеңіл жауап болды. Брендтің жаңа дизайнері Джулиан Клауснер жұқа маталарға, жартылай мөлдір қабаттарға, күнге күйгендей көрінетін пастельді реңктерге және еркін пішімдерге басымдық берді. Подиумда жібек шалбарлар, өте жеңіл жейделер, жамылғылар мен жұқа паркалар ұсынылды. Топтаманың негізіне Малларменің «Фавнның түстен кейінгі демалысы» туындысынан алынған поэтикалық бейнелер, Дебюсси музыкасы және Нижинскийдің балеті арқау болды. Брендтің әйелдер желісінен келген Клауснер ерлер гардеробына іш киім элементтерін – жұқа топтарды, ашық арқалар мен сусылдаған маталарды қосты. Топтама өте сезімтал әрі поэтикалық болып шықты, ал ондағы ерлер мен әйелдер киімі арасындағы шекара айтарлықтай жойылған. Көрсетілімге қазақстандық екі жігіт – Әлжан Жандарбеков пен Әли Данияров та қатысты.
Celine
Celine сән үйінің креативті директоры Майкл Райдер ұсынған ерлер көрсетілімі алуан түрлілігімен көзге түсті әрі әдейі ешбір жүйеге бағынбады. Әрбір бейне жеке бір мінез сияқты көрінгенімен, олар біріге келе тұтас бір топтаманы құрады. Райдер тар шалбарлар мен көлемді пішімдерді, қатаң пальтолар мен жамылғыларды, классикалық пиджактар мен қарапайым футболкаларды араластырып, шынайы әрі өміршең гардероб жасап шықты. Мұндағы ең маңызды тақырып – өзін-өзі еркін ұстау мен батыл тәжірибелер жасау болды. Мәселен, жейделер сәлдеге айналып, камербанд (жалпақ мата белбеу) кәдімгі қайыстың орнына қолданылды. Сөмкелердің алуан түрлілігі де ерекше назар аударуға тұрарлық. Олардың арасында жұқа белбеудің астына қыстырылған қағаз конвертке ұқсайтын жалпақ сөмкелерден бастап, көлемді қаптарға дейін ұсынылды. Жалпы алғанда, бұл көрсетілім стиль еркіндігін тамаша паш етті. Мұнда брендтің тарихи классикасы адамның жеке талғамына сай, сәл хаосты киіну мәнерімен тамаша үйлесім тапты.













































































































