Style|Fashion

Met Gala 2026 балының дресс-коды жарияланды

АвторыTatler Kazakhstan
24.02.2026
2025 жылдың 5 мамырында Нью-Йорктегі Метрополитен-музейінде өткен «Superfine: Tailoring Black Style» тақырыбына арналған Met Gala 2025 балына келген Тейяна Тейлор  | Getty Images
IMAGE 2025 жылдың 5 мамырында Нью-Йорктегі Метрополитен-музейінде өткен «Superfine: Tailoring Black Style» тақырыбына арналған Met Gala 2025 балына келген Тейяна Тейлор | Getty Images
2026 жылдың 4 мамырында Нью-Йорк төріндегі Метрополитен-музейінің жанынан құрылған Костюм институтының жыл сайынғы салтанатты балы өтпек. Сән әлемі асыға күтетін бұл айтулы шараның қызыл кілемі биыл қандай бейнелермен таңғалдырмақ?

Дәстүр бойынша, мамырдың алғашқы дүйсенбісінде жұлдызды қонақтар Костюм институтының жаңа көрмесінің ашылуына жиналады. Өткен жылдың соңында жарияланған экспозицияның тақырыбы Costume Art («Костюм өнері») болатын болды. Ал кештің дресс-коды «Сән – бұл өнер» деп тұжырымдалған. Бұл тақырып қатысушыларға сән әлеміне жаңа қырынан қарауға мүмкіндік бере отырып, адам денесін тірі кенепке, ал дизайнерді нағыз суретшіге теңейтін шығармашылық экспериментке жол ашады.

400-ге жуық нысанды қамтитын ауқымды экспозиция музейдің Бас залының жанындағы жаңа Condé M. Nast Galleries галереяларында орналаспақ. Костюм институтының мұрағатындағы сирек киімдерді кескіндеме, мүсін және басқа да өнер туындыларымен ұштастыратын бұл көрме адамзат тарихының 5000 жылдық кезеңін қамтиды. Мұндай ауқымдылық көрменің басты мақсатын айқындап, костюмнің жай ғана киім емес, адамзаттың мәдени және көркем мұрасының ажырамас бөлігі екенін паш етеді.

Met Gala 2026 балының басты тұлғалары кімдер болмақ?

Бұған дейін хабарланғандай, салтанатты кештің тең төрағалары ретінде әнші Бейонсе, актриса Николь Кидман, теннисші Винус Уильямс және Vogue журналының жаһандық мазмұн жөніндегі директоры әрі редакциялық жетекшісі Анна Винтур бекітілді.

Жұлдызды қонақтар комитетінің құрамына Энтони Ваккарелло, Зои Кравиц, Сабрина Карпентер, Doja Cat, Гвендолин Кристи, Алекс Консани, Мисти Коупленд, Элизабет Дебики, Лина Данэм, Палома Эльсессер, LISA, Хлоя Маль, Сэм Смит, Тейяна Тейлор, Лорен Вассер, Анна Вейант, Эйжа Уилсон, Yseult, Адут Акеч, Анджела Бассетт, Шинейд Бурк, Ребекка Холл, Эймі Маллинз, Tschabalala Self, Эми Шеральд және Чейз Суй Уондерс сияқты танымал тұлғалар енді. Биылғы бал мен көрменің басты демеушілері ретінде Джефф Безос пен Лорен Санчес Безос қатыса отырып, сонымен қатар олар кештің құрметті төрағалары міндетін де атқарады.