Vogue басылымының хабарлауынша, Костюм институтының келесі көрме тақырыбы белгілі болды. Бұл тақырып Met Gala 2026 балының да негізгі идеясына айналмақ. Болашақ жылдың балы «Costume Art» («Костюм өнері») тақырыбына арналады.
Costume Art көрмесінде бес мың жылдық тарихы бар картиналар, мүсіндер мен өнер бұйымдары көрсетіледі. Сонымен қатар, олармен бірге тарихи және заманауи костюмдер де ұсынылады. Бас куратор Эндрю Болтон өз жұмысымен адам денесінің сән тарихындағы рөліне назар аударуды көздейді. Сөйтіп, ол сан ғасырлық өнер мен киім үлгісіндегі тәннің орнын бағалауға мүмкіндік бермек.
Көрме үш негізгі тарауға бөлінген: Біріншісі – Антика дәуірінен бастау алатын, классикалық үлгідегі жалаңаш денелерді қамтиды. Екіншісі – сән әлемінің назарынан әдетте тыс қалатын денелерге (мысалы, жүкті әйелдер немесе қарттардың образдарына) арналады. Ал үшіншісі – адам денесінің анатомиялық құрылысына тоқталмақ.
Vogue атап өткендей, Болтонның ұстанымы сән индустриясының модельдердің арық тұлғасы мен тар өлшемдерді насихаттау шеңберінен әлдеқайда кең. «Біздің мақсатымыз – денені өнер мен сән талқылауына қайтару. Сәнді өнер дәрежесіне көтеру үшін, денені теріске шығармай, оны қабылдау маңызды», – дейді Болтон.
Костюм институтының бас кураторы тақырыптың түпкілікті нұсқасына 2025 жылдың қарашасында ғана келгенін айтты. Бастапқыда тақырып ұзақ болып, екі бөліктен тұрған. Алайда, «сән – бұл өнер» деген негізгі идеядан ауытқымау үшің, ұйымдастырушылар ақырында тек «Costume Art» атауын қалдыруды жөн көрген.
Экспозиция жаңадан ашылған тұрақты залдарда басталады. Киім кигізілген манекендер биіктігі екі метрлік тұғырларға орнатылмақ. Сөйтіп, келушілер залға аяқ басқанда, ең бірінші байқайтыны – сән туындысы болмақ.
2026 жылғы балға қатысты бір қызықты дерек бар – оның басты демеушілері Amazon негізін қалаушы, миллиардер Джефф Безос пен оның жұбайы Лорен Санчес-Безос болмақ. Бұл Louis Vuitton сияқты атақты сән үйін бас серіктес ретінде шақыру дәстүрінен өзгеше, батыл шешім. Безос пен оның жары Amazon Fashion арқылы CFDA рәсімін бұрыннан қолдап келе жатқандықтан, олардың Met Gala-ға демеуші болуы сән әлеміндегі жаңа үрдістің бастамасы ретінде бағаланады.
Метрополитен-мұражайының балы дәстүр бойынша Метрополитен-мұражайында өткізіледі. Ол мамыр айының алғашқы дүйсенбісіне, яғни келесі жылы 4 мамырға тура келеді. Көрме 2026 жылдың 10 мамырынан 2027 жылдың 10 қаңтарына дейін жалғасады.
Өткен жылды еске алу
2025 жылғы Met Gala тақырыбы «Superfine: Tailoring Black Style» («Таңдаулы: қара стильдегі тігін өнері») деп аталды. Бұл соңғы жиырма жылдағы ерлер сәніне толық арналған алғашқы тақырып еді. Көрменің басты назары «қара дендизмге» аударылды. Дресс-код «Tailored for You» («Саған арнап тігілген») деп аталды.
2025 жылғы Met Gala-ның үздік және сәтсіз образдары туралы толық мақаланы осы сілтемеден оқи аласыз.
