Met Gala 2025-тегі ең қызық образдарды жинадық
Мамыр айының алғашқы дүйсенбісі – сән әлемі жанкүйерлерінің қасиетті күні. Нью-Йорк қаласындағы Метрополитен музейінің табалдырығында Met Gala 2025 қайырымдылық кешінің негізгі бөлігі өтті. Биылғы тақырып – Superfine: Tailoring Black Style – әсемдік, афроамерикалық дендизм және ерлер киімін тігу өнері одасы. Қонақтардың көбісі кештің күрделі тақырыбына сай киініп, талғам мен контекстіге малынған образ ұсына алды. Оғаштау сәттер де болды: Кайли Дженнер мен Хейли Бибер дендизмді office siren core стилімен шатастырып алған сияқты.
Биыл басты назар ерлерде болды. Кеш жүргізушілерінің бірі Колман Доминго қызыл кілемге күлгін түсті Valentino кейпін киді. Сәнді дендизм алыбы Андре Леон Теллиге келтірілген оммаж. Шекпенге құмар жан еді. Айтпақшы, бұл референс Анна Винтурдың Louis Vuitton ұсынған жібек көйлектен құралған образынан да байқалды. Елдің сөзіне сенсек, Андренің артық салмағына нұсқап, оны мазақ қылған жан – Анна Винтурдың өзі. Тұнып тұрған ирония. Алайда Андренің тамаққа емес, сұлулыққа құмар болғанын бәріміз де білеміз.


Біз болжағандай, сәтті образдардың көбісі Thom Browne-ға тиесілі болды. Оның туындыларын актерлер Трэмел Тилман (Severance-тағы Мистер Милчик) мен The White Lotus-тағы Уолтон Гоггинс киді.
Ең сымбатты жігіт атағын ресми түрде костюм мен теріден өрілген Prada бас киімін киген Bad Bunny-ге беруге дайынбыз. Костюмнің ішінен Calvin Klein киді дегіміз келеді.
Кендрик Ламардың жолын қуған Фаррелл Louis Vuitton аясында балағы кең шалбарға деген трендті күшейтіп келеді. Burberry-дің креативті директоры Дэниел Ли мен стилист Ло Роуч зиялы қауымға тән барқыт смокинг киді. Дегенмен Роучтың біртүрлі сары паригі британдық аристократтың пародиясы сынды көрінді.




Зендея болса, дендизм тақырыбына жете алмаған іспетті. Оның ақ смокинг пен блюз дивасы Глэдис Бентлидің стиліндегі Louis Vuitton бас киімінен (Burberry емес!) құралған образы біршама ұстамды болды. Қызық референс, иә, бірақ «мәссаған» емес. Shōgun-ға түскен актриса Анна Саваи Зендаяның образын көшіріп алғандай болды. Оның образы Dior-ға тиесілі.
Лиса да Louis Vuitton киді. Іш киіміндегі кесте болмаса, образы тым қарапайым. Әурет жерге салынған ол кесте қара нәсілділер құқықтары үшін күрескен Роза Паркстың портретіне ұқсас келетіндей.
Chanel-дегі Жозефина Бейкердің стиліне әрі оның дәуіріне сай қауырсыны мен гламуры бар образ сомдаған Дуа Липа pastiche-ке қарай бет бұруға батылы жеткендердің бірі болды.
Рэпер бойжеткен Doechii-дің дебюті болса, көңілімізді қалдырды. Оның Louis Vuitton комплектісі тым таныс болып көрінді, себебі препатиге де соны киіп келген болатын. Thom Browne-ды кие ме деп ойласақ...




Marc Jacobs нағыз кеш үздігі болды. Актриса Трейси Эллис Росс оның «қуыршақ» дәуірінен келген көйлегін киді, ал Doja Cat-тың образы боди мен Грейс Джонстың стиліндегі иығы бар смокингіге негізделді.
Кештің соңын Рианна ханшайым жандандырды. Ол күтуге тұрарлық адамдар секілді соңғы мезетте келді. Кроп жекетін, күлтеленген белдемше және Marc Jacobs корсетін киген жүкті әншінің басты акценті сәл шығыңқыраған іші болды. Құттықтаймыз!














