Met Gala 2026 кешінің тең төрағалары кім болатыны белгілі болды. Олардың қатарына әнші Beyonce, актриса Николь Кидман, теннисші Винус Уильямс және Vogue журналының жаһандық контент директоры әрі редакциялық директоры Анна Винтур енді. Бұл туралы Vogue басылымы хабарлайды.
Алдағы Met Gala – Beyonce үшін айтулы оқиға. Ол Метрополитен-музейіндегі Костюм институты балының қызыл кілемімен соңғы 10 жылда алғаш рет жүріп өтпек. Әнші Met Gala-да соңғы рет 2016 жылы бой көрсеткен еді. Ол кезде бал тақырыбы «Қол еңбегі мен машина: технология дәуіріндегі сән» (Manus x Machina: Fashion in an Age of Technology) деп аталған болатын.

Ал Николь Кидман мен Винус Уильямс соңғы жылдары Met Gala қонақтарының қатарынан жиі көрініп жүр. Биылғы балда Кидман сол кездегі брендтің креативті директоры Демна Гвасалия жасаған Balenciaga-ның винтажды қара көйлегімен шықса, Винус Уильямс жасыл теннис белдемшесі мен полодан тұратын Lacoste-тың арнайы тігілген образында келген еді. Ал Анна Винтурға келсек, ол 1995 жылдан бері Met Gala төрайымы болып келеді.


2026 жылғы Met Gala-ның жұлдызды қонақтар комитетіне, сондай-ақ, Yves Saint Laurent сән үйінің креативті директоры Энтони Ваккарелло мен актриса Зои Кравиц кіреді. Сонымен қатар, құрамға Сабрина Карпентер, Doja Cat, Гвендолин Кристи, Алекс Консани, Мисти Коупленд, Элизабет Дебики, Лина Данэм, Палома Эльсессер, LISA, Vogue US бас редакторы Хлоя Маль, Сэм Смит, Тейяна Тейлор, Лорен Вассер, Анна Вейант, Эйжа Уилсон және Yseult қосылды. Бұл тізім кейінірек толыға түседі.
Бұған дейін хабарланғандай, Met Gala 2026 мен Condé M. Nast Galleries тұрақты залдарында өтетін көрменің тақырыбы Costume Art («Костюм өнері») болмақ. Экспозиция аясында 5 мың жылдық тарихы бар картиналар, мүсіндер мен өнер туындылары, сондай-ақ тарихи және заманауи костюмдер көрсетіледі.
Көрменің өзі үш тақырыптық бөлімге бөлінеді: біріншісі – дененің классикалық түсініктегі бейнесін, оның ішінде Антика дәуірінен бастау алатын жалаңаш тән тақырыбын қозғайды; екіншісі – сән әлемінің назарынан жиі тыс қалатын денелерге (жүкті әйелдер, қарт адамдар және т.б. образдарға) назар аударады; ал үшіншісі – адам денесінің анатомиялық құрылысына арналмақ. Ұйымдастырушылар экспозиция арқылы әртүрлі дәуірдегі сән мен өнердегі дененің рөлін көрсетуге тырыспақ.
Met Gala 2026 шарасының бас демеушілері – миллиардер, Amazon негізін қалаушысы Джефф Безос және оның жары Лорен Санчес-Безос болмақ. Бұл қалыптасқан дәстүрді бұзатын ерекше қадам – бұған дейін бас серіктес ретінде тек аты аңызға айналған сән үйлер шақырылған болатын. Мәселен, 2025 жылы бас серіктес Louis Vuitton болған.
