Power & Purpose|Leadership

2026 жылғы Олимпиада ойындарының есте қалар 13 сәті

АвторыВиктория Лебедева
23.02.2026
Верона қаласында өткен 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының жабылу салтанаты, Италия | Фото: VCG | Getty Images
IMAGE Верона қаласында өткен 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының жабылу салтанаты, Италия | Фото: VCG | Getty Images
2026 жылғы Олимпиада тек медаль үшін талас қана емес, сонымен бірге тарих беттеріне есімдерін алтын әріппен жазған кейіпкерлердің тағдырына, күтпеген драмалар мен қызықты мемдерге толы нағыз сериалға айналды. Сонымен, Верона мен Милан төрінде өткен бұл додада жұрттың жадында ең көп сақталған сәттерге көз жүгіртейік

Шайдоровтың алтыны

Бұл ойындардың басты триумфаторына айналған Михаил Шайдоровтың тарихи жеңісі баспасөз орталықтарынан бастап мектеп спортзалдарына дейін қызу талқыланды. Қысқа бағдарламадан кейін бесінші орында тұрғанына қарамастан, еркін бағдарламада мінсіз өнер көрсетіп, тағы 198,64 ұпай еншілеген қазақстандық спортшы жалпы 291,58 ұпаймен тұғырдың ең биік сатысына көтерілді. Өз бағдарламасы барысында бес бірдей төрттік секіруді орындап, жанкүйерлерін тәнті еткен ол, кейінірек Джеки Чанмен бірге панда кейпінде көрініп, әлеуметтік желілерде лезде тарап кеткен нағыз мемнің кейіпкеріне айналды.

Михаил Шайдоровтың қысқы Олимпиада ойындары басталар алдында Tatler Kazakhstan журналына берген сұхбатын мына сілтеме арқылы оқи аласыздар.

Алиса Лью – Z буынының жаңа жұлдызы

16 жасында балалық шағынан айырылып қалудан қорқып, 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасынан кейін спорттан кетіп қалған Алиса Лью 2024 жылы мұз айдынына мүлдем басқа кейіпте оралды. Денесіндегі пирсингімен, ашық түсті шашымен және медальдарға деген философиялық көзқарасымен ерекшеленген ол зумерлердің нағыз сүйіктісіне айналып, TikTok-тағы қалжыңдарымен және кешкі шоулардағы еркін мінезімен жұртты баурап алды. Дене пішініне қатысты айтылған түрлі сынға қарамастан, өзінің шынайылығын сақтай білген спортшы мәнерлеп сырғанаудың қатал ережелер әлеміне жаңа леп әкелді. 

Илья Малининнің қауіпті трюгі

Америкалық Илья Малинин 1976 жылдан бері тыйым салынған, тек 2024 жылы ғана Халықаралық конькишілер одағы (ISU) рұқсат берген қауіпті сальто трюгін Олимпиада мұзында орындап, көрермендерді таңғалдырды. Олимпиада тарихында бұл қадамға барған үшінші спортшы атанып, 1976 жылғы Терри Кубичка мен 1998 жылы айыппұл арқалаған Сурия Боналидің ізін жалғаған Малинин, өкінішке қарай, жіберілген өрескел қателіктердің салдарынан сегізінші орынға сырғып, жекелей сында алтын алу мүмкіндігінен айырылып қалды.

Мүшеқап тапшылығы

Кортина-д’Ампеццодағы Олимпиада ауылында спортшылар үшін арнайы дайындалған тегін контрацепция құралдары ойындар басталғаннан кейін үш күн өтпей жатып таусылып, ұйымдастырушыларды әбігерге салды. Бастапқыда бөлінген 10 000 дана мүшеқаптың жеткіліксіз болып шығуы, 2024 жылғы Париж Олимпиадасында дайындалған 300 000 данамен салыстырғанда айтарлықтай аз екенін көрсетті. 

Италиялық чемпионның сәбиі

Өзінің 35 жасқа толған айтулы күнінде 3000 метрлік қашықтықты бағындырып, алтын медаль жеңіп алған Франческа Лоллобриджида мәреге жете сала 2,5 жастағы ұлы Томмазоны құшақтауға асықты. Көрермендердің назарын тек алтын медаль ғана емес, анасын көптен бері көрмей сағынып қалған бүлдіршіннің анасының назарын өзіне аударғысы келген мейірімді реакциясы да тәнті етті.

Трассаға жүгіріп шыққан ит

Әйелдер арасындағы командалық спринттің іріктеу кезеңі өтіп жатқанда, трассаға кенеттен ит жүгіріп шығып, мәреге жақын тұста спортшылармен қатарласа шапты. Мәре сызығын екі шаңғышыдан кейін бірден қиып өтіп, тіпті фотофиниш кадрына да түсіп үлгерген бұл ит кейіннен жақын маңда тұратын қызметкерлердің біріне тиесілі болып шықты. 

Ютта Лердам

1000 метрлік қашықтықта Олимпиада рекордын орнатып (1:12.31), алтынды иеленген нидерландық Ютта Лердам тек спорттық жетістігімен ғана емес, әлеуметтік желідегі шулы видеоларымен де танымал болды. TikTok-та 59 миллион қаралым жинаған эмоцияға толы видеосымен қатар, оның ойындарға жеке ұшақпен келуі кейбір жанкүйерлердің тарапынан «чемпионға лайықсыз әрекет» ретінде қатал сынға ұшырады.

Олимпиада сақиналары бейнесіндегі паста

Өзінің басты мәдени ерекшелігі саналатын тағамды Олимпиада рухымен шебер ұштастыра білген Италия, жарыс барысында бес сақина бейнесіндегі пастаны ұсынып, оны турнирдің басты гастрономиялық нышанына айналдырды.

Орманға кетіп қалған шаңғышы

Норвегиялық Атле Ли Макграттың жарыс жолынан шығып қалып, түңілген күйі шаңғысын шешіп тастап, орманға барып қар үстінде жеті минут бойы жатуы Олимпиаданың ең ауыр сәттерінің бірі ретінде есте қалды. Кейіннен белгілі болғандай, Олимпиаданың ашылу күні атасынан айырылған спортшының бұл эмоционалды сәтсіздігі оның шыдамының соңғы шегі болған көрінеді.

Норвегиялық «редфлаг»

Қола медальді иеленген биатлоншы Стурла Холм Легрейд тікелей эфирдегі сұхбатын пайдаланып, өзінің сүйіктісіне опасыздық жасағанын мойындап, жұртты шошытты. Өз қателігін жария түрде мойындап, кешірім сұрағанымен, қыздың көңілі жіби қоймағанын баспасөзге берген жауаптарынан аңғаруға болады.

Самоделкина мен Шерзингер

Америкалық әнші әрі биші Николь Шерзингер қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкинаға өзінің жылы лебізін білдіріп, алғыс айтты. Шерзингер өзінің Instagram парақшасында Самоделкинаның оның туындысына дайындалған еркін бағдарламасын аяқтап жатқан сәтінен видео жариялады. «Sunset Boulevard әнін таңдап, жарысқа қатысқаны үшін қазақстандық Софья Самоделкинаға рақмет», – деп жазды әнші. Кейінірек спортшы да Шерзингерге көрсеткен назары үшін алғыс айтып, оның музыкасын сүйіп тыңдайтынын жеткізді.

Йоханнес Клебо – ең атақты қысқы Олимпиадашы атанды

Норвегиялық Йоханнес Клебо қысқы Олимпиада тарихындағы ең көп марапат иеленген спортшы атанып, өз есімін шежіреге алтын әріппен жазды. Миланда жеңіп алған алты алтын медалі оның жалпы топтамасын он бірге жеткізіп, аңызға айналған отандастары Бьорген, Бьорндален және Дэлиді артқа тастауына мүмкіндік берді. Енді оның алдында тек 23 марапаты бар Майкл Фелпс қана тұр. Клебоның танымалдылығы интернет кеңістігін де шарлап кетті: орыстілді жанкүйерлер шаңғышының қатысуымен «Мое тело – убийца» трегіне вирус-эдит жасап, оны тіпті спортшының өзіне де көрсетіп үлгерген.

Эйлин Гу – фристайл әлемінің жарық жұлдызы

Өзінің тек спортта ғана емес, сән әлемінде де жарқырай алатынын дәлелдеген Эйлин Гу, әйелдер арасындағы ең атақты фристайлшы мәртебесін бекітті. Оның пьедесталдағы триумфы мен жарнамалық науқандардағы сәттілігі жылдар бойы төгілген тердің нәтижесі екені анық.