Power & Purpose|Leadership

Николь Шерзингер қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкинаға алғыс білдірді

АвторыTatler Kazakhstan
21.02.2026
2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында өнер көрсетіп жатқан Софья Самоделкина | Фото: Андрей Иванчук | Getty Images
IMAGE 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында өнер көрсетіп жатқан Софья Самоделкина | Фото: Андрей Иванчук | Getty Images
Софья Самоделкина 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарындағы өз өнерін Шерзингердің әнімен аяқтады

Америкалық әнші әрі биші Николь Шерзингер қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкинаға өзінің жылы лебізін білдіріп, алғыс айтты. Шерзингер өзінің Instagram парақшасында Самоделкинаның оның туындысына дайындалған еркін бағдарламасын аяқтап жатқан сәтінен видео жариялады. «Sunset Boulevard әнін таңдап, жарысқа қатысқаны үшін қазақстандық Софья Самоделкинаға рақмет», – деп жазды әнші. 

Естеріңізге сала кетсек, қысқа бағдарламадан кейін 19 жастағы спортшы 12–ші орында тұрған болатын. Еркін бағдарламаның қорытындысы бойынша өз нәтижесін айтарлықтай жақсартқан ол жалпы кестеде оныншы сатыға дейін көтерілді.

Мұз айдынындағы өнері барысында Самоделкина барлық секіру элементтерін мінсіз орындап шықты. Өз өнері үшін мәнерлеп сырғанаушы 138,99 ұпай жинап, бұл көрсеткіш оның ең үздік нәтижесіне айналды. Ал жалпы ұпай саны бойынша ол 207,46 ұпай жинап, өзінің жеке рекордын жаңартты.

2026 жылғы Олимпиада Самоделкина үшін алғашқы дебюттік дода болды. Ол Қазақстанның әйелдер арасындағы мәнерлеп сырғанау тарихында қысқы Ойындардағы ең жоғары нәтижені көрсетті. Бұған дейінгі ең үздік жетістік 2018 жылы Пхенчханда өткен Олимпиадада 12–ші орын алған Элизабет Тұрсынбаеваға тиесілі еді.