Power & Purpose|Leadership

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров қысқы Олимпиада ойындары, үміт пен мотивация туралы

АвторыСергей Калугин
06.02.2026
Михаил Шайдоров ISU Skate America Гран-при кезеңінде | Gregory Shamus - International Skating Union/International Skating Union via Getty Images
IMAGE Михаил Шайдоров ISU Skate America Гран-при кезеңінде | Gregory Shamus - International Skating Union/International Skating Union via Getty Images
2026 жылдың 6 ақпанында Миланда кезекті қысқы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтеді. 2025 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері және Төрт құрлық турнирінің жеңімпазы, жас спортшы Михаил Шайдоров үшін бұл – оның мансабындағы алғашқы Олимпиада. Дүбірлі дода қарсаңында Tatler мәнерлеп сырғанаудың жаңа жарық жұлдызымен сұхбаттасып, оның дайындығы мен ішкі толғанысы туралы сұрастырып білген

Қысқы Олимпиада алдында қобалжу бар ма? Еліміздің намысын қорғайтыныңызды білгенде ең алғашқы сезіміңіз
қандай болды?

Меніңше, кез келген спортшы Олимпиада алдында қобалжиды. Бұл – мен қатысатын алғашқы Ойындар, сондықтан мен үшін үлкен тәжірибе болмақ. Дегенмен, мен өмірімдегі осы бір тарихи сәттен ләззат алғым келеді. Шын мәнінде, мен Олимпиада жолдамасына төрт жыл бойы ұмтылдым. Бұл, әрине, менің әзірше басты жетістігім.

Олимпиада алдында айналаңыздағылар да, өзіңіз де үлкен үміт күтетініңіз анық. Мұндай жауапкершілік жүгін қалай көтересіз?

Үміт пен күту – уайымға салынудың ең мәнсіз жолы. Мен үшін бастысы – өз жұмысымды сүйіп істеу. Ең бастысы – көрермен менің өнерімнен ерекше әсер алса деймін.

Дайындық кезеңі қалай өтті? Ерекше мән беріп жатқан жаңа элементтер бар ма?

Жаттығулар әдеттегідей өтіп жатыр. Қазір барлық элементтерді мұқият пысықтауға тырысамын, өз ісімді жоғары деңгейде атқаруға күш саламын.

Жарыстар кезінде өзіңізге жайлы ортаны қалай қалыптастырасыз? Сапарға шыққанда міндетті түрде өзіңізбен бірге алып жүретін затыңыз бар ма?

Әдетте жолға өзіммен бірге Lego конструкторын аламын.

Сізді жаңа белестерге не ынталандырады?

Мәнерлеп сырғанау спортында әлі бағындырмаған белестерім алға жетелейді. Спортшы ретінде шыңдалып, балаларды осы спортқа бауласам деген үлкен арманым бар. Елімізден халықаралық аренада өнер көрсететін мәнерлеп сырғанаушылар көп шықса екен деймін.

Чемпионның ішкі әлеміне саяхат: Михаил Шайдоровтың армандары мен талғамы туралы эксклюзивті сұхбат сайтымызда оқи отырыңыздар.