Lifestyle|Entertainment

«Күнәһарлар» туындысы төрт «Оскар» иеленді

АвторыTatler Kazakhstan
16.03.2026
Людвиг Йеранссон | Kevin Winter / Getty Images
IMAGE Людвиг Йеранссон | Kevin Winter / Getty Images
16 номинацияға ие болған картина «Үздік ер адам рөлі», «Үздік түпнұсқалық сценарий», «Үздік саундтрек» және «Үздік операторлық жұмыс» марапаттарына лайық деп танылды

Райан Куглердің «Күнәһарлар» («Sinners») фильмі «Үздік ер адам рөлі», «Үздік түпнұсқалық сценарий», «Үздік саундтрек» және «Үздік операторлық жұмыс» номинациялары бойынша төрт бірдей «Оскар» жүлдесін алды. Салтанатты кешті ABC телеарнасы мен Hulu стриминг платформасы тікелей эфирде көрсетті.

«Үздік ер адам рөлі» номинациясындағы марапатты картинада бірден екі кейіпкерді – Смок пен Стэк есімді егіздерді сомдаған Майкл Б. Джордан иеленді. Бұл – «Оскар» тарихында бір актерге бірден екі рөлді орындағаны үшін жүлде берілген алғашқы жағдай болды. Оған аңсарлы мүсіншені Эдриан Броуди тапсырды.

Үздік түпнұсқалық сценарий үшін берілетін марапатты фильм режиссері Райан Куглерге Роберт Дауни-кіші мен Крис Эванс ұсынды.

Үздік саундтрек номинациясының жеңімпазын араға 15 жыл салып қайта бас қосқан «Bridesmaids» (Девичник в Вегасе) фильмінің кейіпкерлері – Мелисса Маккарти, Майя Рудольф, Кристен Уиг, Роуз Бирн және Элли Кемпер жариялады. «Оскар» швед композиторы Людвиг Йоранссонға бұйырды. Бұл оның мансабындағы үшінші марапат – бұған дейінгі екі мүсіншені ол «Black Panther» (2019) және «Oppenheimer» (2024) туындылары үшін алған еді.

Үздік операторлық жұмыс үшін берілетін жүлдені Деми Мур тапсырды; марапат Отем Дюральд Аркапоуға берілді. Ол – осы категория бойынша номинация алған алғашқы афроамерикалық әйел, сондай-ақ бұл номинацияда жеңіске жеткен тарихтағы тұңғыш әйел заты болды. Оған дейін әйелдер тек үш рет қана номинанттар қатарына іліккен болатын. Соңғы рет 2023 жылы Мэнди Уокер «Elvis» фильмі үшін үміткер болғанымен, ол жолы марапат Джеймс Френдке («All Quiet on the Western Front») кеткен еді.

Салтанатты сөзін сөйлеген Отем Дюральд Аркапоу залдағы барлық әйелдердің орнынан тұруын сұрады. Оның айтуынша, сол әйелдердің қолдауынсыз ол қазіргі жетістігіне жете алмас еді, яғни сахнада қолына «Оскар» мүсіншесін ұстап тұра алмас еді.

2026 жылы «Күнәһарлар» фильмі барлығы 16 категория бойынша номинация алып, «Оскар» тарихында рекорд орнатты.