«Күнәһарлар» мистикалық триллері «Оскар» номинацияларының саны бойынша бұрын-соңды болмаған рекорд орнатты. Картина киноакадемия тарапынан 16 санат бойынша үздік деп танылды. Осылайша ол 1950 жылдан бері «Все о Еве», «Титаник» және «Ла-Ла Ленд» фильмдеріне тиесілі болып келген 14 номинациялық көрсеткішті басып озды.
Фильм «Үздік фильм», «Үздік режиссеа» (Райан Куглер), «Үздік ер адам рөлі» (Майкл Б. Джордан) сияқты негізгі санаттармен қатар, екінші пландағы үздік ер және әйел рөлдері бойынша да бәйгеге түседі. Бұдан бөлек, лента үздік түпнұсқа сценарий, кастинг, қоюшы суретші жұмысы, операторлық шеберлік, костюм дизайны, монтаж, грим мен шаш үлгісі, дыбыс, визуалды әсерлер, музыка және үздік ән номинациялары бойынша ұсынылды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: «Оскар-2026» сыйлығының үміткерлері белгілі болды
Бұл туынды кино тарихында барлық техникалық санаттарда бірдей номинация алған жетінші фильм болып тіркелді. Ал егер «Үздік ән» санатын қоса есептесе, бұл – тарихтағы екінші оқиға. Бұған дейін мұндай нәтижеге тек «Титаник» фильмі ғана қол жеткізген болатын. Сонымен қатар костюм дизайнері Рут Картер ең көп номинация алған қара нәсілді әйел ретінде тарихта қалды, ол биыл бес дүркін үміткер ретінде статуэтка үшін таласады. Картер бұған дейін «Черная Пантера» дилогиясымен екі мәрте жеңімпаз атанған еді.

«Күнәһарлар» фильмінің желісі
Фильм сюжеті 1932 жылы туған жері Миссисипи атырауына оралған ағайынды Смоук пен Стэк төңірегінде өрбиді. Олар қара нәсілді жұмысшыларға арнап музыкалық клуб ашуды жоспарлайды, бірақ жергілікті уағызшының ұлының ғажап ойынына тартылып келген вампирдің пайда болуы олардың барлық жоспарын астан-кестен етеді.
