Tatler Best дегеніміз – қонақжайлылық әлеміндегі ең таңдаулы жобалардың басын қосатын жыл сайынғы үлкен мереке. Мұнда біз Қазақстандағы мінсіз қызметтің үлгісіне айналған мейрамханалар, барлар мен қонақүйлерге құрмет көрсетіп, Best 20 және Best in Class жеңімпаздарын анықтаймыз.
Tatler Best тізіміне ену нені білдіреді?
Tatler Best тізімінен орын алу – жай ғана атақ емес, бұл жоғары кәсібиліктің айқын дәлелі. Бұл жобаның беделі оның бай тарихымен тығыз байланысты. Бастапқыда ол Азиядағы ең таңдаулы орындарды іріктейтін Tatler Dining Guide гастрономиялық гиді ретінде құрылған болатын. Қырық жылдан астам уақыт бойы сапа стандартын қалыптастырып келген бұл басылым уақыт өте келе ауқымын кеңейтіп, халықаралық Tatler Asia жобасына ұласты.
Ал бүгінде Tatler Best тұтас Asia-Pacific аймағындағы қонақжайлылық саласының басты бағдарына айналып үлгерді. Жобаның ауқымы өте кең: ол 24 түрлі бағытты қамтып, аймақтағы ең үздік 100 мейрамхана, 100 бар және 100 қонақүйді бір тізімге біріктіреді. Үміткерлерді іріктеу үшін 400-ден астам беделді маман – Tatler редакторлары, мейрамхана сыншылары, тревел-журналистер мен саланы ішінен білетін сарапшылар жұмылдырылады.
Осыншама маманның қатысуы кездейсоқ емес. Себебі әдеттегі гидтерден айырмашылығы, Tatler Best мекемені біржақты бағаламайды. Мұнда тек тағамның дәмі ғана емес, қызмет сапасы, интерьер, атмосфера, бар мәдениеті, инновациялық шешімдер мен келушіге сыйлайтын жалпы эмоция да қатаң ескеріледі.
Қазақстанда бұл жоба осымен екінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Былтырғы алғашқы марапаттың нәтижесі ел шекарасынан да асып, үлкен табысқа ұласты. Tatler Best Kazakhstan 2025 жеңімпаздары Қазақстанның атын халықаралық аренада паш ету мүмкіндігіне ие болды. Нәтижесінде AUYL мейрамханасы, French 42 бары және елордалық The Veil бутик-қонақүйі Tatler Best Asia-Pacific 2025 тізіміне енді. Осылайша олар әлемдік индустрия көшбасшыларымен қатар аймақтың үздік 100 мекемесінің қатарынан табылды.
Бұл – қазақстандық гастрономия мен қонақүй бизнесінің халықаралық деңгейдегі маңызды жеңісі. Сондықтан бүгінде Tatler Best тізіміне қосылу – тек жергілікті ортада мойындалу ғана емес, Азияның ең мықты жобаларын біріктіретін үлкен Tatler экожүйесінің бір бөлшегіне айналу дегенді білдіреді.
Номинациялар
Биылғы марапаттар үш негізгі бағытқа бөлінеді: Hotels, Restaurants және Bars. Олардың әрқайсысында жылдың басты жобалары, жаңадан ашылған ерекше орындар, сондай-ақ ең үздік сервис пен дизайн иелері анықталады. Қонақүй бағытына келер болсақ, мұнда Best Resort, Best Wellness Retreat, Best Boutique Hotel, Best Family Hotel және Best Destination Hotel сияқты арнайы аталымдар бар. Сонымен қатар, жоба тек мекемелерді ғана емес, сол саланы алға сүйреп жүрген тұлғаларды да назардан тыс қалдырмайды. Кеште жаңа есімдер, үздік сомелье мен шебер кондитер арнайы марапатқа ие болады.
Іріктеу процесі
Үздіктерді таңдау процесі өте ауқымды. Биыл рейтингті түзу үшін біз 150-ден астам жергілікті сарапшыны – мейрамхана сыншыларын, лайфстайл және тревел-инфлюенсерлерді, сондай-ақ қонақжайлылық саласының кәсіби мамандарын дауыс беруге шақырдық. Алдымен редакция 109 жобадан тұратын лонг-лист жасап шықты: оған 50 мейрамхана, 32 бар және 27 қонақүй енді. Сарапшылар осы тізімді сараптай келе, Best 20 қатарына кіретін үздік 20 мейрамхана мен 20 барды, сондай-ақ ең таңдаулы 10 қонақүйді іріктеп алды. Ал өз санатында айрықша жетістікке жеткен жобалар мен мамандарға Best in Class арнайы марапаты табысталады.
Салтанатты кеш қашан өтеді?
Көптен күткен Tatler Best марапаттау салтанаты 2026 жылдың 10 қыркүйегінде өтеді. Бұл кеште біз Қазақстанның қонақжайлылық индустриясын жаңа деңгейге көтерген басты есімдерді, үздік қонақүйлерді, мейрамханалар мен барларды жариялаймыз.
