Gulfairus
- «Целинный» заманауи мәдениет орталығы
- Масанчи көшесі, 59
Биылғы ең жарқын жаңалықтардың бірі – «Целинный» орталығында ашылған Gulfairus. Көпшілікті таңғалдыратын жаңа концепция ойлап табудың орнына, жоба авторлары тарихи орынға және оның өткеніне терең құрметпен қарауды жөн көріпті.
Мейрамхана қазақтың кескіндеме өнері мен театр сценографиясында өшпес із қалдырған біртуар суретші Гүлфайрус Исмаилованың құрметіне аталған. Ал оның «Целинныймен» байланысы жары, белгілі суретші Евгений Сидоркин арқылы көрінеді. Ол – ғимаратты қайта жаңғырту кезінде сақталып қалған холлдағы әйгілі сграффитоның авторы.
Gulfairus асханасын бренд-шеф Руслан Абдураманов басқарады. Ол жергілікті өнімдерді қолдана отырып, Орталық Азия асханасын заманауи үлгіде ұсынады. Су-шеф Дастан Ақылбекпен бірге олар ұлттық тағамдарды fine dining деңгейінде қалай әдемі ұсынуға болатынын керемет көрсетіп жүр.
Жазда мейрамхана мәзірі жаңарып, шарап картасы қосылды. Маусымдық жаңалықтар қатарында краб пен құлпынай қосылған қызанақ гаспачосы, тунец пен зәйтүн қосылған нисуаз салаты, сондай-ақ қой еті мен анар тұздығы бар каппеллаччи бар. Алдағы демалыс күндері мұнда бас сұғуға тағы бір тамаша себеп – тау көрінісі ашылатын терраса мен диджейлердің өнері. 19-20 маусым күндері мұнда Akkujava мен Ungaro-ның музыкалық ырғағымен күн батыруға болады.
BRO&N
- Сейфуллин даңғылы, 617
Алматыдан ең дәмді пицца іздеп жүрсеңіз, дәл мына жерде деп дөп басып айту қиын – бұл әркімнің өз талғамына байланысты. Дегенмен, сол ізденісті қайдан жалғастыруға болатынын қуана-қуана бөлісеміз.
BRO&N – халықаралық нарықты бағындырып жатқан Novikov Group желісінің жаңа мейрамханасы әрі пиццериясы. Мұндағы италиялық мәзірге бренд-шеф Мирко Дзаго, ал пиццаға бренд-шеф-пиццайоло Леонардо Трапполони жауап береді. Шеф-аспаз Вячеслав Бахаров болса бүкіл процестің мінсіз жұмыс істеуін қадағалайды.
Қысқасы, осындай кіл мықтылар дайындаған пицца көңіліңізден шықпаса, бәлкім, мәселе пиццада емес шығар.
Cinotti
- Абылай хан даңғылы, 55
Алматыдағы италиялық мейрамханалар қатарын толықтырған ең жарқын жобалардың бірі – мамыр айында ашылған Cinotti. Жоба авторлары қонақтарды тек дәмді аспен ғана емес, ерекше атмосферамен де таңғалдыруды көздеген. Мейрамхана Қайта өрлеу дәуіріндегі Италияның театр аулаларынан шабыт алған. Мұндағы кешкі ас нағыз қойылымның бір бөлігіне айналып, өзінше бір theatrum mundi (әлем театры) форматын жасайды.
Интерьердегі басты назар қолдан жасалған 24 мәрмәр бағанаға ауады. Олар италиялық piazza (алаң) стиліндегі анфилада құрып, сізді бір сәтке Милан мен тарихи драма сахнасының ортасына апарып тастағандай әсер береді. Дегенмен, мұндай көз тартарлық декорацияның артында тағамға деген өте салмақты көзқарас жатыр. Cinotti Италияның әртүрлі аймағының классикалық рецепттеріне сүйенеді әрі оларды шектен тыс өзгертуге ұмтылмайды. Кез келген ризотто өнер туындысына айналып кетуі мүмкін қазіргі уақытта дәстүрге деген мұндай адалдық өте батыл шешім болып көрінеді.
KOSMOS
әл-Фараби даңғылы, 140/2
Биылғы жазда Алматы теңіз жағалауына бір табан жақындай түскендей. Ең болмағанда, жаңа KOSMOS мейрамханасы бұл үшін барын салып жатыр. Александр Орлов бастаған Sun Group холдингінің бұл жобасы Эгей теңізінің эстетикасынан және ешқашан уақытында аяқталмайтын ұзақ әрі көңілді грек кештерінен шабыт алған. Мейрамхана әл-Фараби даңғылында, тау табиғаты көз алдыңызда ашылатын тамаша орында орналасқан.
Бұл грек әлемінің мәзіріне бренд-шеф Энвер Джемилов пен бренд-шеф бармен Евгений Ефимов жауап береді. Нәтижесінде KOSMOS жай ғана тамақтанатын орын емес, кешкі асты күнделікті әдемі дәстүрге айналдыратын таптырмас мекенге айналып отыр.
Grapes
- Қабанбай батыр көшесі, 83
14 маусым күні қаланың қақ ортасындағы «алтын шаршыда» Grapes мейрамханасы ашылды. Бұл – бір мезгілде шарап бары, винотека және шарап қоймасы. Бұл орынның басты ерекшелігі – өте жайлы әрі тартымды атмосферасы. Мұнда қарапайым шарап сатып алу процесі нағыз гастрономиялық ритуалға, ал кездейсоқ ішілген бір бокал шарап ұзаққа созылатын тамаша кешке ұласуы әбден мүмкін.
