«Алтын глобус» жүлдесінің иегері, актер әрі продюсер Тимоти Шаламе даниялық Urban Jürgensen сағат мануфактурасының серіктесі атанды. Ол компанияның миноритарлық үлесін иеленіп, креативті кеңесші лауазымына тағайындалды. Бұл жаңалығымен Шаламе өзінің Instagram парақшасында бөлісті.
Брендтің баспасөз хабарламасына сүйенсек, Шаламенің тәуелсіз сағат өндірісіне деген қызығушылығы кездейсоқ емес: актер баяғыдан бері микромеханика мен қолөнер шеберлігіне ден қойып келеді. Премьераларда, баскетбол матчтары мен түрлі марапаттау рәсімдерінде ол Simon Brette, Franck Muller немесе Akrivia сағаттарын жиі тағып шығатын. Алайда ол Urban Jürgensen UJ-2 сағатына ерекше ықылас танытып отыр. Актер дәл осы сағатты Marty Supreme фильмінің промотуры кезінде, сондай-ақ «Үздік комедиялық актер» аталымы бойынша «Алтын глобус» жүлдесін алған сәтте тағып шыққан.
Urban Jürgensen мануфактурасының бас директоры Алекс Розенфилд актердің сағат өнеріне деген құштарлығын оның сапа мен нағыз шеберлікке деген құрметімен байланыстырды. Розенфилдтің айтуынша, олардың ортақ мақсаты – брендтің бірегейлігін сақтай отырып, тәуелсіз өндіріс дәстүріне заманауи көзқарас әкелу.
Ал актердің өзі механизмдерді қолмен құрастыруға деген қызығушылығын өзі қатты құрметтейтін бір режиссер оятқанын атап өтті. Шаламе сағат өнерін кинематографпен салыстыра келе, табиғаты екі бөлек болғанымен, екеуі де мінсіз дәлдікті талап ететін өнер екенін айтты.
Осыдан 253 жыл бұрын негізі қаланған Urban Jürgensen бренді бірнеше қожайын ауыстырып үлгерген. 2021 жылы оны атақты сағат шебері Кари Воутилайнен мен Розенфилд отбасы бастаған инвесторлар тобы сатып алды, ал 2025 жылы бренд нарыққа қайта оралды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Watches and Wonders 2026 көрмесінің төртінші күні: сағат өнерінің басты 4 оқиғасы
