Style|Fashion

Valentino брендінің негізін қалаушысы Валентино Гаравани дүниеден озды

Автор Tatler Kazakhstan
19.01.2026
Валентино Гаравани | @realmrvalentino/Instagram
IMAGE Валентино Гаравани | @realmrvalentino/Instagram
Валентино Гаравани 1960 жылы серіктесімен бірге бренд негізін қалап, кейіннен Элизабет Тейлор, Одри Хепберн, София Лорен және Джулия Робертс сынды Голливуд жұлдыздарымен жұмыс істеді. Кутюрье сән әлемінен 2008 жылы біржола кеткен болатын

Valentino сән үйінің негізін қалаушы Валентино Гаравани 93 жасына қараған шағында өмірден озды. Бұл туралы қаралы хабар модельердің ресми Instagram-парақшасында, сондай-ақ Валентино Гаравани мен Джанкарло Джамметти қорының аккаунтында жарияланды.

Модельер Римдегі өз үйінде, ет жақындарының ортасында көз жұмды. Онымен қоштасу рәсімі сәрсенбі және бейсенбі күндері сағат 11:00-ден 18:00-ге дейін Римдегі Миньянелли алаңында, PM23 ғимаратында өтеді. Ал жерлеу рәсімі жұма күні, 23 қаңтарда сағат 11:00-де Санта-Мария-дельи-Анджели-э-дей-Мартири базиликасында ұйымдастырылмақ.

Валентино Гаравани 1932 жылы Вогерада дүниеге келген. Парижде білім алған ол 1960 жылы Римге оралып, Джанкарло Джамметтимен бірге жеке брендінің негізін қалайды. Valentino есімі тез арада танылып, Элизабет Тейлор, Одри Хепберн, София Лорен мен Джулия Робертс сынды жұлдыздардың сеніміне ие болды. Сонымен қатар, бренд клиенттерінің арасында Диана ханшайым мен Жаклин Кеннеди де болды. Соңғысы 1968 жылы 20 қазанда грек магнаты Аристотель Онассиспен өткен тойында дәл осы марканың ақ түсті костюмін киген еді.

1998 жылы Гаравани мен Джамметти сән үйін HdP холдингіне сатты, ал 2002 жылы компания Marzotto тобының иелігіне өтті. Валентино 2008 жылға дейін үйдің көркемдік жетекшісі қызметін атқарып, Париждегі қоштасу көрсетілімінен кейін сән индустриясымен ресми түрде қоштасқан болатын.

Valentino брендінің басты мұрасы – Valentino Red («Валентиноның қызыл түсі») деп аталатын ерекше қызыл реңк. Бүгінде бұл түс сән үйінің басты символына айналған. Айта кетерлігі, Валентино – «The Devil Wears Prada» фильміне өзін-өзі сомдап түскен жалғыз дизайнер. Ал туындының екінші бөлімінің тизеріне сүйенсек, Мэрил Стриптің кейіпкері Миранда Пристли 2010 жылдардың хит үлгісі – Rockstud Valentino қызыл туфлиімен қайта көрінді.