Көптен күткен «The Devil Wears Prada» сиквелінің алғашқы тизер-трейлеріндегі Rockstud Valentino-ның қызыл туфлиі фанаттардың назарын бірден өзіне аударды. Бұл туфли бірден көрермендерге алғашқы фильмнің постеріндегі «шайтанның» аяқ киімін еске түсірді.

Көрермендердің пікірі екіге жарылды. Біріншілер Миранда Пристли сияқты жоғары мәртебелі кейіпкердің ескірген үлгіні кимеуі тиіс деп тұжырымдаса, ал екінші тарап Rockstud-тың сән редакторларының сүйіктісі әрі 2010-шы жылдардың эстетикалық символы болғандығын еске түсіріп, ностальгия сезімін бастан кешуде.

Ендеше, көпшілікке ескірген болып көрінетін аяқ киім сәнге қайта орала ала ма деген сауал туындайды. 2010-шы жылдар эстетикасының жаңғыруы әбден мүмкін. Jimmy Choo брендінің Sex and The City сериалының кейіпкері Кэрри Брэдшоу киген модельдерді сатылымға қайта шығарғаны осыған нақты дәлел бола алады. Ал Net-A-Porter платформасының тарихындағы ең қалаулы культтік заттардың хит-парадында 2014 жылдың толығымен Rockstud Valentino-ға арналуы да тегін емес. Сарапшылардың пікірінше, бұл үлгіде қуатты ностальгиялық, тіпті винтаждық потенциал жатыр.
Сондықтан продюсерлердің Rockstud-ты таңдауы кездейсоқтық емес, керісінше, фильм жасаушылардың интернетте виралды әсер тудыруға бағытталған саналы әрекеті болуы мүмкін. Бұған қоса, кейбір қолданушылар бұл аяқ киімнің таңдалуы – Миранданың көзқарастары заманауи әлемге үнемі ілесе бермейтініне меңзейді деп болжайды.
Яғни, сюжеттік желі бойынша шыңда қалу үшін тек алға ұмтылу қажеттігі, ал бұрынғы әдістердің қазір жарамсыз болып қалатыны көрсетілуі мүмкін.
