Style|Fashion

Тимоти Шаламе «Алтын глобус» салтанатында тимберленд киіп келді

Автор Tatler Kazakhstan
12.01.2026
Тимоти Шаламе 2026 жылдың 11 қаңтарында Беверли-Хиллз қаласында (Калифорния) өткен 83-ші жыл сайынғы «Алтын глобус» сыйлығын табыстау рәсімінде | Getty Images
IMAGE Тимоти Шаламе 2026 жылдың 11 қаңтарында Беверли-Хиллз қаласында (Калифорния) өткен 83-ші жыл сайынғы «Алтын глобус» сыйлығын табыстау рәсімінде | Getty Images
Marty Supreme фильміндегі үздік ер адам рөлі үшін жеңімпаз атанған актер бұл жолы да ерекшеленіп, кешке арнайы тігілген барқыт костюм мен Chrome Hearts және Timberland коллаборациясынан шыққан бәтеңкелерді таңдады

Тимоти Шаламенің қызыл кілемге қандай киіммен шығатынын алдын ала болжау мүмкін емес. Бұл Хайдер Акерманның Tom Ford үйіне арналған дебюттік топтамасындағы салтанатты костюм, арқасы ашық алқызыл топ немесе A Complete Unknown фильмінің промотуры кезіндегі Боб Дилан стиліндегі образ болуы әбден мүмкін. Бір нәрсе анық: оның бейнелері әрдайым назар аудартады, таңғалдырады, тамсандырады немесе түсінбеушілік тудырады. Өткен «Алтын глобус» рәсімі де соның айқын дәлелі болды – Тимоти тек үздік ер адам рөлі үшін жүлде алып қана қоймай, өзінің стилін тағы да бүкіл әлемге талқылатты.

Өз номинациясында Тимоти бес бірдей мықты актерді: Джордж Клуниді («Jay Kelly»), Леонардо ДиКаприоны («One Battle After Another»), Итан Хоукты («Blue Moon»), Ли Бён Хонды («Method of Exclusion») және Джесси Племонсты («Bugonia») басып озды. Номинанттарды жариялар алдында кеш жүргізушісі Дон Чидл: «Клуни соңғы рет марапат алғанда, Тимоти Шаламе небәрі үш жаста болатын», – деп қалжыңдады.

Жүлдесін алып тұрып, Тимоти ата-анасына және залда отырған сүйіктісі Кайли Дженнерге алғысын білдірді. «Мен сендерді жақсы көремін», – деп актер сахна төрінен сезімін тағы бір мәрте жеткізді.