Шаламе үстел теннисі туралы баяндайтын Marty Supreme драмасындағы басты рөлі үшін марапатталды. Актер сомдаған Марти Маузер есімді кейіпкер қол жетпейтіндей көрінген арманына жету жолында бар күш-жігерін жұмсап күреседі.
Кештің ең әсерлі сәті актердің залда отырған сүйіктісі Кайли Дженнерге арнаған алғыс сөзімен есте қалды.
«Соңғы үш жыл бойы қасымнан табылған серігіме алғыс айта отырып, сені жақсы көретінімді және сенің қолдауыңсыз бұл биікті бағындыра алмайтынымды жеткізгім келеді», – деді актер толқып. Бұған жауап ретінде көзіне жас алған Дженнер өзінің де оны жақсы көретінін айтып сыбырлады.
Бұл оқиға актердің жанкүйерлері арасында тез тарап, алғашында көпшілікті сүйсіндіргенімен, әлеуметтік желілерде сынға ұшырады. Желі қолданушылары Шаламенің Кайлиге деген мұндай ілтипаты тек ресми кештерде ғана байқалатынын алға тартты. Оқырмандар актердің туған күнінен жарияланған бірде-бір суретте Кайлидің жоқтығын және Тимотидің оның балаларымен немесе отбасымен ешқашан көзге түспейтінін баса айтты.

«Ол Кайлиді үш жыл бойы жасырып келді, ал енді Оскар сыйлығының қарсаңында нағыз джентльмен кейпіне еніп, елдегі ең танымал әйелдердің біріне ғашық болғандай әсер қалдыруға тырысуда. Тимми, біз сенің бұл қулығыңды анық түсініп отырмыз», – деп жазды желі қолданушылары.
Өз сөзінде Шаламе фильм режиссері Джош Сэфдиге ерекше алғыс айтып, оның мінсіз емес адамның түсінікті арманы туралы оқиғаны ешқандай ақыл айтпай-ақ шебер жеткізгенін атап өтті.
Кештің басты жүлдесі саналатын «Үздік фильм» аталымында Леонардо ДиКаприо түскен One Battle After Another туындысы жеңіске жетті. Бұл фильм ескі жауларына қарсы тұру мақсатында жылдар өткен соң қайта бас қосқан бұрынғы революционерлер тобы туралы баяндайды.

«Үздік актриса» марапатын Hamnet фильміндегі драмалық рөлі үшін Джесси Бакли иеленді. Ал «Үздік драмалық сериал» ретінде Питтсбургтегі жедел жәрдем бөлімінің тыныс–тіршілігін суреттейтін HBO арнасының Pitt жобасы танылды. Осы сериалдағы рөлі үшін Ноа Уайли «Драмалық сериалдағы үздік актер» аталымында топ жарды.

