Көрсетілім аяқтала сала, желіде «актрисаның көп жылғы стилисі Лоу Роуч подиумдағы көйлекті модельдің үстінен шешіп алып, Eurostar жүрдек пойызымен Лондонға жеткізіп үлгеріпті» деген әзілдер тарап кетті. Алайда шындық одан да әсерлі болып шықты. Роучтің фэшн-блогер Лиасқа берген сұхбатына сүйенсек, ол арнайы осы көйлек үшін Парижге ұшып келіп, артынша жеке ұшақпен Лондонға шұғыл қайтқан екен.
Тұсаукесер үшін Зендея Schiaparelli-дің жаңа кутюр топтамасындағы ең көзтартарлық образдардың бірін таңдаған. Баумен байланатын мүсіндік корсет бейнебір антикалық мәрмәр мүсінді еске салса, моншақтан өрілген шашақтар ақ түстен күміс реңкке ұласып, әр қимыл сайын ерекше жарқырап тұрды. Шаш үлгісі мен макияж да заманауи тәңірия бейнесін толықтыра түскені анық. Көздің ішкі бұрышына жағылған күміс-ақ түсті бояу көйлекпен керемет үйлесім тапса, басты айнала өрілген бұрым Афина дулығасының заманауи нұсқасындай көрінді. Образды Chopard ұсынған әшекейлер толықтырып тұрды: ортасында 12,37 караттық гауһар тасы бар, жалпы салмағы 76,11 карат болатын 18-караттық ақ алтыннан жасалған алқа мен гауһар сырғалар көздің жауын алды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Зендеядан Лупита Нионгоға дейін: Одиссея жұлдыздарының қызыл кілемдегі ең жарқын образдары
Айта кетейік, бұл көйлек Париждегі Жоғары сән апталығын ашқан Schiaparelli-дің The Abyss («Тұңғиық») атты жаңа кутюр топтамасының бір бөлігі болатын. Мода үйінің креативті директоры Дэниел Роузберри мұхит тұңғиығынан шабыт алып, футуристік материалдар мен дәстүрлі кутюр техникаларын бір арнаға тоғыстырған. Топтамадан силиконнан жасалған тегіс корсеттерді, сегізаяқ қармалауыштарына, сауыттар мен ұлуқабықтарға ұқсайтын ерекше бөлшектерді байқауға болады.
