Аты аңызға айналған киім суретшісі Патриция Филдпен тізе қосып, талай танымал фильмдердің сәнін келтірген Молли Роджерс енді бұл жобаның тізгінін өз қолына алды. Ол жаңа қызметі жайлы сөз қозғай келе, мұндағы шығармашылық еркіндікпен қатар, бүкіл әлем сүйіп көретін түпнұсқа фильмнің атына кір келтірмеудей үлкен жауапкершілік арқалағанын жасырмады.
Роджерстің өзі жұрт назарын бірден аударатын жарқын бөлшектерді жақсы көргенімен, бұл жобада оның мақсаты мүлдем басқа еді. Мысалы, ол бұған дейін «И просто так» сериалында Кэрри Брэдшоудың қолына көгершін пішінді сөмке ұстата салып, бүкіл ғаламторды шулатқан болатын. Алайда жаңа фильмде ол «The Devil Wears Prada» туындысының бастапқы рухын сақтап қалуды, яғни қанша уақыт өтсе де ескірмейтін, әрдайым стильді болып қалатын бейнелер жасауды көздеді.
Қанша жерден қимасам да, алдағы 20 жылға шыдас бермейтін, яғни тез ескіретін трендтегі киімдерден бас тартуға тура келді. Біз жасаған образдардың ғұмыры ұзақ болуы шарт еді
Түсірілім барысында мазаны қашырған тағы бір үлкен мәселе актерлердің киімдері туралы ақпараттың алдын ала тарап кетуімен байланысты болды. Фильмнің жалғасына деген елдің қызығушылығы зор болғандықтан, түсірілім алаңындағы кез келген сурет лезде желіге тарап, жұрт оны жілігін шағып талқылауға көшкен. Актриса Энн Хэтэуэй баспасөз мәслихатында дәл осы жағдайдың кесірінен түсірілім алаңында үнемі үлкен психологиялық қысым астында болғанын айтты. Табынушылардың жобаны басынан-ақ қалт жібермей қадағалауы оларды бір жағынан шабыттандырғанымен, екінші жағынан жұмысты қатты қиындатқан. Өйткені фильм әлі экранға шықпай жатып, кейіпкерлердің барлық образдары желіде толып жүрді.
Дәл сол кезде Молли Роджерс режиссер Дэвид Фрэнкелге Миланда арнайы сахналар түсіріп, іс жүзінде нағыз «сән блокбастерін» жасауды ұсынады. Яғни, экшн жанрына тән атыс-шабыстың орнына, көрерменді жабық кеңістікте ауқымды сән монтажын жасау арқылы таңғалдыру көзделді. Бұл идеяны бірден қолдаған режиссер студиядан рұқсат алып, тиісті бюджетті де бөлдіре білді.

Түсірілім үзілісінде тамақтанған кезде киімін бүлдіріп алмас үшін үстіне кәдімгі жамылғы іле салған Мэрил Стрип желі қолданушыларының бұл образды қалай талқылағанын күле отырып еске алды. Актрисаның айтуынша, адамдар оны көріп алып, «қандай қызық түстер үйлесімі, матасы қандай әдемі қатпарланған» деп тамсанып жазып жатқан.

Хэтэуэй де жұрт назарының өзінің күнделікті қарапайым киімдеріне де ауғанын атап өтті. Мәселен, түсірілім арасында өзінің жеке киімімен жүрген ол желі қолданушыларының «Энди джинс белдемше киіп жүр ме?» деп таңғалған пікірлерін оқыған. Ақыры бұл жағдайдан құтылудың ең оңай жолын тапқан актриса артық назар аудартпау мақсатында түсірілім біткенше бір ғана джинс комбинезонын шешпей киіп жүріпті.

Осындай қызық оқиғалардан кейін, фильмнің жалғасында басты кейіпкерлердің бейнесі қандай болып шыққанын, олардың алғашқы бөліммен салыстырғанда қалай өзгергенін талдап көрейік.
Энди Сакс
Молли Роджерс Энди Саксқа арнап жасаған образдар жинағының алғашқы бетіне үлкен әріптермен «Feminine Menswear», яғни «әйелдерге бейімделген ерлер стилі» деп жазып қойған. Роджерстің түсіндіруінше, бұл стиль еркін қалалық образ бен классикалық Голливуд талғампаздығының мінсіз үйлесімін білдіреді. Сондықтан ол Энн Хэтэуэйдің кейіпкері үшін түрлі жилеттер, күнделікті киюге ыңғайлы жұмсақ блейзерлер, блузкалар мен белі биік шалбарлар таңдаған.

Эндидің гардеробы су жаңа немесе мұнтаздай емес, өзіндік мінезі бар ескі винтаж бен жаңа заттардың тамаша қосындысынан тұруы тиіс еді. Көп саяхаттайтын Эндидің барған елдеріндегі винтаж дүкендерінен киім сатып алатыны осыған негіз болған. Сән әлеміне бейжай қарамайтын ақылды қыз болғандықтан, ол «Подиум» журналында жұмыс істеген кезде расымен көп нәрсені көкейіне түйіп үлгерген еді.

Әрине, бірінші фильмдегі аты аңызға айналған көгілдір жемпірдің қайта оралуы заңдылық еді. Роджерстің айтуынша, бұл киім әбден тозып, тесілгенге дейін киілгендей әсер қалдыруы керек болған. Бір қызығы, суретші байқамай тұрғанда қайшыны қолына алған Хэтэуэй жемпірді шырқ-шырқ еткізіп кесіп тастап, оны қолдан жасалған қысқа топқа айналдырып жіберіпті.
Роджерстің сүйікті образдарының қатарында Эндидің марапат алуға киіп шыққан киімі бар. Бұл жиынтық Dolce & Gabbana блейзерінен, Loewe ұсынған жолақты шалбардан, сондай-ақ Romeo Gigli жібек жейдеден тұрады. Сәнді образ Jemma Wynne алтын алқасымен, Tamushka інжу алқасымен толықтырылып, кейіпкердің ажырамас бөлшегіне айналған Coach сөмкесімен түйінделген. Ал Ирвтің туған күніне таңдаған бейнесі де ерекше: мұнда ол Paco Rabanne брендінің жылтырақ көк көйлегін, René Caovilla туфлиін, Rabanne сөмкесін таңдап, образды Fred Leighton немесе Jemma Wynne сияқты әшекейлермен әрлеген.
Миранда Пристли
Роджерс Миранда Пристлидің өзіне ғана тән, бірден танылатын өзіндік стилі болғанын қалады. Үнемі бір ғана стильді ұстанатын Карл Лагерфельд сияқты адамдарды басшылыққа алған команда бұл тәсілдің мінсіз жұмыс істейтініне сенімді еді. Бірінші фильмде қысқа жакеттер мен тіке пішілген тар белдемшелер қолданылғандықтан, жалғасында да осы негіз сақталып қалды.

Киім суретшілерімен өте тығыз жұмыс істеген Мэрил Стрип образға күтпеген жерден кәдімгі дәріханадан сатып алынған күміс сақиналарды қосып жіберді. Алғашқы киіп көру шарасына келген актриса сөмкесінен мінсіз күміс сақиналарды алып шыққан сәтте, мамандар оның дәл осы образға арналғанын бірден түсінген. Оған дейін дәл сондай дүниені барлық жерден іздеген командаға шаш үлгісінен назарды аудармайтын, бірақ тым көзге түспейтіндей әшекей қажет еді. Миранда ешқашан арзанқол аксессуар тақпайтындықтан, қолында бар-жоғы бір ғана данасы болған сол сақинаны жоғалтып алудан бәрі қатты қорыққан.

Миранданың үздік образдарының ішінде «Подиум» журналының гала-кешіне киген киімі ерекше көзге түседі. Бұл дизайнер Пьерпаоло Пиччолидің Balenciaga сән үйіне арнап жасаған қызыл түсті кешкі көйлегі еді. Одан бөлек, Миранданың кеңесшілермен кездесуге арнайы таңдаған шашақты Dries Van Noten жакетін суретші Роджерс алғашқы фильмдегі жылтырақ жакеттің жаңа баламасы деп атайды.

Эмили Чарлтон
Роджерстің айтуынша, бүкіл суретшілер тобының сүйікті кейіпкеріне айналған Эмили Чарлтонның образында олар барынша еркіндікке беріліп, ең батыл шешімдерді жүзеге асыра алды. Сиквелде жай ғана көмекші емес, Dior брендінің маркетингтік бюджетін басқаратын үлкен маманға айналған оның бұл статусы гардеробынан да айқын көрініс табады. Алғашқы фильмде оның киімдері арзан жеңілдік дүкендерінен жиналса, бұл жолы оны киіндіруге бүкіл брендтер таласқан.

Эмилидің ең сәтті образдарының қатарында креативті директор Джонатан Андерсонның Dior-ға арнап жасаған қазтабан принті бар костюмі, Миландағы түскі ас сахнасына киген Zimmermann жеңсіз жамылғы пальтосы мен Louboutin ботфорт етігі бар. Сонымен қатар Ирвтің туған күніне таңдаған кешкі образы да көздің жауын алады. Мұнда ол Rick Owens көйлегін, тігінен симметриялы логотипі бар белдікті, винтажды күміс алжапқышты, Louboutin туфлиі мен Gallery Lulo әшекейлерін мінсіз үйлестіре білген.
