Голливуд нарығында Мэрил Стрип есімі нағыз люкс брендінің өзі болып алған. Ол – кино тарихында ең көп марапат жинаған актриса: үш «Оскар», ондаған номинация, «Алтын глобус», BAFTA мен басқа да толып жатқан беделді сыйлықтар. Оның есімін табыс символына айналдырған не нәрсе? The Devil Wears Prada фильмі жалғасының жарыққа шығуы қарсаңында, Tatler басылымы оқырман назарына «Мэрил Стрип сөздігін» ұсынып отыр. Оған жұлдыздың ондаған жылдар бойы Голливуд төрінен түспеуіне себеп болған ерекше келбетінен бастап, күтпеген таланттары мен өміріндегі ең жарқын сәттер еніп отыр.
Мэри
Актрисаның шын аты – Мэри Луиз. «Мэри» есімі анасының құрметіне қойылған. Жалпы, бұл әулетте тұңғыш қызға осы атты беру баяғыдан келе жатқан дәстүр десе де болады. Мэрил Стриптің әжесінің де аты осындай болған екен, кейін актриса өз тұңғышына да дәл осы есімді берді. Ал «Луиз» деген атты анасының құрбысының құрметіне қойған. Кейін келе осы екі есім бірігіп кетіп, бүкіл әлемге танымал «Мэрил» деген есім дүниеге келді. Әкесі де оны кішкентайынан дәл осылай еркелетіп шақыратын еді.

Ұзын мұрын
Бұған сенудің өзі қиын шығар, бірақ есімі талант пен табиғи сұлулықтың символына айналған Голливудтың бас жұлдызы кезінде өзін «тым ұсқынсызбын» деп іштей мүжіліп жүріпті. Мэрил Стриптің өзі сұхбаттарында еске алғандай, ол бала күнінде көзілдірік тағатын, тісінде брекеті бар, шашы бұйра, мұрны ұзын, ебедейсіз қыз болған. Сөйтіп жүргенде, бір күні ол өзін түбегейлі өзгертіп жібермек болып, нағыз трансформация жасайды: шашын сарыға бояп, брекетін жұлып алып, көзілдірігін шешіп тастап, орнына линза тағып алады. Ең бастысы – өзін бейне бір сұлулық ханшайымындай ұстай бастайды.
Мектеп бітіретін жылы Мэрил Стрип мектеп балының ханшайымы болып сайланады. Мұрны әлі де көзге оғаштау көрініп тұрса да, ішкі көңіл толмаушылық ешқайда кетпесе де, ол бір маңызды нәрсені ұқты: айналаңдағыларды өзіңнің сұлу екеніңе сендіре алсаң, өзің де бұған сене бастайды екенсің. Ол тіпті бір кездері ринопластика жасатып тастасам ба екен деп те ойлапты, бірақ мұрны өзінің басты ерекшелігі екенін түсініп, бұл ойынан айнып қалған. «Мен ешқашан сыртқы келбетімді басты қаруым етіп пайдаланған емеспін. Өз түріңе тәуелді болмағанға не жетсін – адам өзін сондай еркін сезінеді екен», – дейді актриса.

Ұйықтап қалуы
Өмірбаянындағы таңғаларлық дерек: Голливуд кезінде бұл ұлы актрисадан айырылып қала жаздады десек, сенер ме едіңіз? Ол заңгер болып кетуі де әбден мүмкін еді. Бірақ бұдан оны бір кездейсоқтық сақтап қалды. Сөйтсе, бұл оқиға былай өрбіген екен: Мэрил жас кезінен актерлік өнерге қызыққанымен, бұл салада болашағым жоқ деп өзіне аса сенбеді. Дегенмен Вассар колледжінде өнер бакалавры дәрежесін алып, кейін Йель драма мектебіне оқуға түседі (ондағы курстастары атақты Сигурни Уивер мен Кристин Эстабрук еді). Бірақ оқудың ақысын төлеу оңайға соқпай, Стрип машинистка да, даяшы да болып, екі қолға бір күрек іздеп жүріп жұмыс істеуге мәжбүр болады. Ақыры діңкесі әбден құрып, шаршағаны соншалық, бір кезде тіпті мамандығын ауыстырсам ба деген шешм қабылдап, 1971 жылы заң факультетіне құжат тапсырады. Дәл осы жерде тағдырдың жазуымен күтпеген жағдай орын алған: оқуға түсудегі міндетті сұхбаттасуға баратын күні ол... кәдімгідей ұйықтап қалыпты. Мэрил Стрип мұны белгі деп қабылдайды. Актерлік өнерді тастамай, әрі қарай жалғастыру арқылы оның мың есе хақ болғанын уақыт дәлелдеп берді.

Сопрано
Мэрил Стрипке анасынан әдемі сопрано даусы дарып, бұйырғанын біреу білсе, біреу білмес. Ол тіпті америкалық операның ханшайымы, АҚШ-тағы ең танымал вокал мұғалімдерінің бірі Эстель Либлингтен сабақ алған. Бірақ бұл жасөспірім қызға өте іш пыстырарлықтай көрініп, болашақ жұлдыз чирлидер боламын деп, сабақты тастап кетеді. Кейін Мэрил Стрип бұл туралы әзілдей отырып еске алған еді: Эстель Либлинг керемет ұстаз болғанымен, оқушысы қызбалыққа салынып, сенімді ақтай алмай қалыпты. Әрине, есейе келе ол классикалық өнерге деген көзқарасын өзгертті. Жылдар өткен соң тіпті Примадонна фильмінде басты рөлді сомдап шықты – бұл музыкалық есту қабілеті атымен жоқ болса да, танымал опера әншісіне айналған әйел туралы өмірбаяндық туынды еді. Айтпақшы, осы рөлі үшін Стрип өзінің сансыз «Оскар» номинацияларының бірін иеленген болатын.

«Оскар» мүсіншелері
Кейбіреулер үшін мұндай номинация өміріндегі басты оқиға болса, Мэрилді Оскармен таңғалдыра алмайсың. «Мэрил Стрип кез келген фильмге түсе қалса болды, «Оскар» жарысына өздігінен қосылып кете беретіндей», – деп жазған Daily Mail газеті өзінің бір мақаласында. Бұл шынымен де солай.

Мэрил Стрип – кино тарихындағы марапаттар мен номинациялар саны бойынша көшбасшы. Қанжығасына «Оскар» жүлдесін үш рет байлап, актерлік жұмысы үшін рекордтық 21 номинация алды – бұл басқа кез келген актер немесе актрисадан әлдеқайда көп. Оның қоржынында «Эмми», екі BAFTA, АҚШ Киноактерлер гильдиясының жүлделері, француздық «Сезар», сондай-ақ Голливудтың «Даңқ аллеясындағы» жұлдызы бар. Ал «Алтын глобус» – бөлек әңгіме: Стрип оны тоғыз рет жеңіп алып, 33 рет номинацияға ұсынылған, бұл да әлі күнге дейін бұзылмаған рекорд.
Бұның бәрі құлаққа сондай керемет естілгенімен, бұған бәрі бірдей бас шұлғи қоймаған сыңайлы. 2017 жылы Дональд Трамп актрисаның «Алтын глобус» рәсіміндегі сынға толы сөзінен кейін оны «Голливудтағы ең асыра бағаланған актрисалардың бірі» деп атап жіберген болатын. Дегенмен оның бұл сөзіне тек Трамп қана таңғалған шығар. Көпшілік бұған баяғыда үйреніп қалған: Мэрил Стрип марапат алуға шыққан сайын міндетті түрде сахнаны трибунаға айналдырып, көкейінде жүрген, қоғам үшін маңызды-ау деген мәселелерді бүкпесіз ашып айтып салады.
Тілге деген қабілеті
Мэрил Стрипке «Оскар» әкелген фильмдердің бірі – «Выбор Софи» (Sophie's Choice, 1982). Сюжет бойынша оның кейіпкері поляк, неміс тілдерінде сөйлейді, сондықтан түсірілім басталмас бұрын актриса бірнеше апта бойы тіл үйреніп, кәдімгідей тер төгіпті. Нәтижесінің мінсіз болғаны соншалық, түсірілім өткен Югославия тұрғындарының оның америкалық екеніне қатысты көңілдеріне күдік те кіріп-шықпаған екен.

Жалпы, Мэрил Стрип акценттер мен әртүрлі тілдегі сөйлеу мәнерін айна-қатесіз қайталап беретін шеберлігімен танымал. Мәселен, «Железная леди» фильмінде ол Маргарет Тэтчердің британдық акцентін, ал Сидни Поллактың Out of Africa туындысында даниялық акцентті тамаша ойнап шықты.

Кейде оның тілге деген қабілеті күтпеген жағдайларда да көмекке келіп жатады. 1970 жылдардың ортасында театрдағы рөлдерімен көзге түсіп үлгерген жас актрисаны сол заманның ірі блокбастері – King Kong фильміне актерлік байқауға шақырады. Фильм продюсері Дино Де Лаурентиске оның келбеті ұнамағаны сонша, бұл туралы актрисаның көзінше ашып айтудан тартынбаған. Де Лаурентис бұл актрисаны ертіп келген ұлынан итальян тілінде: «Мына ұсқынсызды неге әкелдің?» – деп сұрайды. Сонда Мэрил Стрип өзі судай білетін итальян тілінде: «Сіз қалағандай сұлу болып тумағаным үшін кешірім сұраймын, амал қанша, қолдан келерім осы болып тұр», – деп саспастан жауап қатыпты.
Марапат
Мэрил Стриптің құрметіне тіпті арнайы марапат та бар. Ең қызығы, бұл сыйлықтың актерлік салаға еш қатысы жоқ. АҚШ-тағы Әйелдер тарихының ұлттық мұражайы әйелдер тарихын дәріптейтін ұстаздарға берілетін Meryl Streep Educator Award марапатын бекітті. Алғашқы лауреаттың есімі 2026 жылдың соңында өтетін Women Making History Awards гала-кешінде жарияланбақ.
Қырықтың қырқасы
Мэрил Стрип Голливуд үшін қалыптан тыс келбетінен ғана емес, киноиндустриядағы әйелдер үшін өте маңызды фактор саналатын жасынан да ұялмауды әлдеқашан үйреніп алған. Ол Грэм Нортонның шоуында 40 жасқа толған жылы қатарынан үш рет мыстан кемпірдің рөлін сомдауға ұсыныс түскенін айтып бергені бар. Актриса мұны Голливудтың «қырықтан асқан» әйелдерді қалай қабылдайтынын көрсететін айқын мысал деп күліп еске алды.
Ол кезде актриса бұл ұсыныстардың бәрінен ат-тонын ала қашыпты. Сонымен бірге, бұл жағдай оны әлдеқайда прагматикалық қадам жасауға итермеледі. 2015 жылы Мэрил Стрип New York Women in Film & Television ұйымымен бірлесіп, Writers Lab сценарий зертханасын ашып, оны өз қалтасынан қаржыландырып отырды. Жоба 40 жастан асқан әйел сценаристерге тәлімгерлердің көмегімен өз оқиғаларын дамытуға қолдау көрсетіп, жас ұлғайған сайын индустриядан шеттеп қалмауға керемет мүмкіндік береді.
Айтпақшы, Мэрил Стрип мыстан кемпір рөлін ақыры сомдап шықты – бұл Роб Маршаллдың Into the Woods мюзиклі еді. Бірақ актриса Голливуд продюсерлерінің дегеніне көне салмай, бұл рөлді ойнау үшін өзінің 65 жасқа толуын күтіп жүре беріпті.

Миранда Пристли
Жасы Мэрил Стриптің мансабына еш кедергі бола алған жоқ. Мысалы, The Devil Wears Prada фильміндегі Миранда Пристлиді ол 56 жасында сомдады. Миранда Мэрил Стрипке кезекті «Оскар» номинациясын қалтасына салып беріп қана қоймай, оның бейнесін бұқаралық мәдениетте тастай етіп бекітті. Бұл кейіпкерге америкалық Vogue басылымын 37 жыл бойы басқарған Анна Винтурдың бейнесі негіз болған деседі.
Стриптің өзі кейіпкермен оны ешнәрсе байланыстырмайтынын айтып келеді. Біріншіден, ол сән әлеміне мүлдем бейжай қарайды. Бірде актриса: «Бір сөмке үшін бірнеше мың еуро төлеу дейсіз бе? Одан да заттарымды қолымда ақ алып жүре берейін, ал сол сөмкенің ақшасын қайырымдылыққа аудара салған әлдеқайда артық емес пе», – деп кесіп айтқан болатын. Екіншіден, Миранданың мінезі оған мүлдем жат.

Фильм жарыққа шыққаннан кейін жылдар өте ол бұл рөлдің түсірілім кезінде өзін шығармашылық дағдарысқа ұшыратып, тіпті актерлік әдістен бас тартуға мәжбүр еткенін жасырмай ағынан жарылды. Станиславский жүйесіне негізделген бұл әдіс кейіпкердің образына толық енуді талап етеді, яғни актер түсірілім алаңынан тыс жерде де сол бейнеде қалып қоюы тиіс. Стрип бұл техниканы ұстануға тырысып, күнделікті өмірде де суық, қатал болып көрінуге тырысып баққан. Бірақ бұл оның табиғи, ашық, кішіпейіл мінезіне мүлдем қайшы еді. «Бұл сұмдық болды! Түсірілім алаңындағы жеке бөлмемде жалғыз өзім бақытсыз жанша мұңайып отыратынмын. Бұл әдісті мен соңғы рет сол кезде қолдандым», – деп еске алады актриса.
Қызығы сол, Ancestry компаниясы жүргізген генеалогиялық зерттеу мәліметтері бойынша, Мэрил Стрип пен Анна Винтур – алтыншы атадан әпкелі-сіңлілі адамдар болып шықты. Оларды Пенсильванияда өмір сүрген ортақ ата-бабалары – Томас Смит пен Элизабет Кинси байланыстырады екен.
Сандра Буллокпен сүйісу
2010 жылғы «Алтын глобус» марапаттау рәсімінде «Комедия/Мюзикл» номинациясында Julie & Julia фильміндегі рөлі үшін Мэрил Стрип, «Драма» категориясында The Blind Side фильмі үшін Сандра Буллок үздік актриса атанды. Сахнаға марапат алуға шыққан кезде олар басында әзіл-шыны аралас кәдімгідей «бәсекелестік» орнатып, біраз тартысып қалғандай сыңай танытқан.
Алайда дәстүрлі қол алысудан кейін актрисалар күтпеген жерден құшақтасып, еріннен сүйісе кетті. Залдағы жұрт бұған ду қол шапалақтап, улап-шулап қоя берді, ал жеңімпаздар түк болмағандай марапаттау рәсімін әрі қарай жалғастыра берді. Кейін Сандра Буллок әзілдеп: «Мэрил керемет сүйіседі екен!» – дегені бар.
Көпбалалы ана
Ең таңғаларлығы, кинодағы осындай тығыз кестеге қарамастан, актриса отбасына да жеткілікті уақыт тауып, бәріне үлгеріп жүргеніне қайран қаласың. Оның 1978 жылы мүсінші Дон Гаммермен құрған некесінен төрт баласы бар: ұлы Генри (Хэнк), қыздары Мэри (Мэми), Грейс пен Луиза.

Үш қызы да анасының ізімен жүріп, өмірлерін киномен байланыстырды. Мэми Гаммер True Detective, The Good Wife сериалдарында ойнады, сондай-ақ Emily Owens, M.D. сериалында басты рөлді сомдап шықты. Грейс Гаммер көрермендерге American Crime Story туындысындағы Кэролайн рөлі арқылы танылды. Ал Луиза Джейкобсон The Gilded Age сериалындағы басты рөлдердің бірін ойнады. Ұлы Хэнк болса басқа жолды таңдады – ол Генри Вулф деген лақап атпен өнер көрсететін әнші болып кетті.
Жасқа бағынбайтын махаббат
Ол тек көпбалалы ана ғана емес, сонымен бірге әже – актрисаның алты немересі бар. Дегенмен бұл статус оның өмірден ләззат алып, жаңа қарым-қатынас бастауына еш кедергі бола алмайды. 2023 жылы Мэрил Стрип Дон Гаммермен бірге тұрмайтынына алты жылдан асқанын айтты. Ал бір жылдан кейін ол көпшілік алдына танымал комик – 76 жастағы Мартин Шортпен бірге шықты. Қауесеттерге сенсек, екі жастың көңілі жарасып, тойдың ауылы да алыс емес көрінеді.
