Қазақстандық модель Эрик Ильин Корсика аралында өткен жаңа Jacquemus (Жакмюс) көрсетіліміне қатысты. Әдеттегідей, бренд шоу үшін ерекше орын таңдады – Л’Иль-Рус коммунасындағы Пьетра шамшырағының жанында орналасқан теңіз жағалауындағы тастақ жол подиумға айналды. Модельдер күннің көзі күйдіріп тұрған шақта жағалау бойымен жүріп өтті. Жаңа топтама Le Bonheur («Бақыт») деген атауға ие болды.

Топтаманың авторы, дизайнер Симон Порт Жакмюс анасының Корсикада түскен фотосуреттерінен шабыт алған. Көрсетілім басталмас бұрын ол сол суреттермен бөлісіп: «Сенің дәл Корсикадағыдай бақытты болған кезіңді бұрын-соңды көрген емеспін», – деп жазды.
Эрик подиумға қызғылт жейде мен ашық қызыл түсті костюм киіп шықты. Кейінірек Эрик фэшн-блогер Лиасқа сұхбат берді. Лиас – La Watch Party жобасының негізін қалаушы әрі беделді BoF 500 тізіміне енген маман. Осы сұхбатта қазақстандық жігіт бұл оның мансабындағы ең ұзақ әрі ең қиын көрсетілім болғанын айтты. Оның сөзінше, күннің қатты ыстығынан ол терге малшынғаны сонша, үстіндегі жейдесін шешіп, суын сығып алуға болатын еді.
Осы жазда Еуропаны тарихтағы ең қатты ыстық толқыны басты (Францияның көптеген аймақтарында ауа температурасы +40 °C-тан асты). Ауа райының мұндай төтенше жағдайы шоуға қатысушылар үшін қосымша сынақ болды.
Осы маусымда Эриктің қоржынында көрсетілімдер көп болмағанымен, олардың әрқайсысы айтулы оқиғаға айналды. Мәселен, маусым айында ол AMIRI брендінің 2027 жылғы көктем-жаз маусымына арналған көрсетілімін ашып берді.
Dazzle және IMG Models агенттіктерінің атынан шығатын Эрик Ильин әлемдік подиумдағы алғашқы қадамын 2025 жылы Миландағы Versace көрсетілімінде жасады. Одан кейін ол Louis Vuitton, Ralph Lauren және Issey Miyake шоуларына қатысты. Сондай-ақ ол брендтің жаңа креативті директоры Демна Гвасалияның жетекшілігімен түсірілген Gucci жарнамалық науқанына түсті.
