Брендке арналған мерекелік видеороликті әлемдегі маңдайалды сән үйлерімен жұмыс істеп, Трой Сиванның клиптеріне режиссерлік еткен белгілі fashion-фотограф Гордон фон Штайнер түсірді.
Бұл жаңалықты өзінің Instagram парақшасында бөліскен Эрик жоба ұжымына, соның ішінде кастинг-директор Пьерджорджио Дель Мороға, халықаралық IMG Models және қазақстандық Dazzle Management агенттіктеріне алғыс білдірді.
Халықаралық мансабын 2025 жылы Миландағы Versace көрсетілімінен бастап, кейінірек Louis Vuitton, Ralph Lauren, Issey Miyake, Jacquemus сынды көптің көңілінен шыққан брендтердің подиумына шыққан қазақстандық модель үшін бұл – кезекті үлкен белес. Оған қоса, ол осы 2026 жылы тағы бір италиялық сән үйі – Gucci брендінің креативті директор Демна Гвасалияның жетекшілігімен жасалған жарнамалық науқанына да қатысып үлгерді.
