Беделді Models.com платформасы Әлжан Жандарбековті Model of the Week (Апта моделі) деп таныды. Халықаралық fashion-индустрияның бұл басты алаңын кәсіпқойлар жаңа модельдер мен креативті таланттарды іздеу және бақылау үшін жиі пайдаланады.
Әлжан үшін бұл атақ — нағыз кәсіби мойындау. Оған дейін қазақстандық жігіт бірқатар сәтті дефилелерге қатысты. Spring 2027 маусымында ол Louis Vuitton, Dior Men, Dries Van Noten, Y-3 және Sacai подиумдарында жарқырай көрінді. Американдық фэшн-басылымдар оның есімін Spring 2027 маусымындағы ең перспективті жаңа еркек модельдердің тізіміне енгізді. Манекенші Париждегі Louis Vuitton көрсетілімінде алғаш рет көзге түсті, содан кейін іле-шала Dior сән үйінен шақырту алды. Models.com сайтына берген сұхбатында Әлжан қатарынан екі маусым бойы екі атақты сән үйінің көрсетіліміне бір күнде қатысқанын мақтанышпен еске алды.

«Louis Vuitton подиумындағы алғашқы дебютімнен кейін сахна сыртында тұрғанымда маған Dior көрсетіліміне қатысатынымды растап қоңырау шалды. Бұл сәт менің есімде мәңгі сақталады. Алғаш рет осындай жағдай болғанда қатты таңғалдым. Ал биыл бұл тарих айна-қатесіз қайталанды. Қатарынан екі маусым бойы бір күнде Louis Vuitton мен Dior көрсетілімдеріне қатысқаныма өзім де әлі сенбей жүрмін».
Models.com оны осылай қолдағаннан кейін, біз Әлжанның есімін әлі талай рет естиміз деп сенеміз. Айтпақшы, жыл басында манекенші Tatler Kazakhstan оқырмандарына өзі ұнататын және жаны сүймейтін 10 дүние туралы қызықты әңгімелеп берген еді.
