Танымал ideservecouture Instagram-парақшасының авторы Ханан Бесович подиумдағы модельдердің шектен тыс арықтығына қатысты өз ойын ашық айтты: «Мен Prada-ны жақсы көремін, бірақ осы топтаманы көру барысында модельдердің тым арық екені маза бермеді. Кейде тіпті киімдердің өзі оларға тар сияқты көрінеді». Ол сондай-ақ: «Әр модель қаңқадай қатып тұрғанда, киімнің өзіне зейін қою қиын екен. Клиенттеріңіздің бәрінің дене бітімі осындай дегенге мені сендіре алмайсыздар. Шынымен бе? Әр пальтомен бірге өмір бойы таусылмайтын «Оземпик» порциясы қоса беріле ме? Өйткені сырттай қарағанда солай көрінеді. Сән индустриясында дене бітімінің әртүрлілігіне (body diversity) қол жеткізу қиын екенін түсінемін, бірақ Миландағы кастингтерде не болып жатыр өзі?» – деп қосып өтті.
Бесович өз сөзіне дәлел ретінде Prada подиумына төртінші рет шыққан қазақстандық модель Әли Данияровтың видеосын мысалға келтірді


Dolce & Gabbana бренді де сынға ұшырады. Белгілі фэшн-блогер Lyas шоуға тек ақ нәсілді модельдердің таңдап алынғанын кесіп айтты. Ол модельдер легін мысқылмен «ақ түстің 50 реңкі» деп атап, азиялық, қара нәсілді және араб модельдерінің жоқтығына назар аударды. Блогердің айтуынша, бұл көрініс брендтің промо-видеодағы «әр ер адамның ерекше болмысын айқындаймыз» деген уәдесіне мүлдем қайшы. Бұл позицияны Белла Хадид те қолдап, кейбір жұлдыздардың әлі күнге дейін D&G брендін көпшілік алдында қолдайтынына «таңғалғанын» жазды.

2026/2027-жылдардың күз-қыс мезгіліне арналған Милан ерлер сән апталығы 16-20 қаңтар аралығында өтуде. Бұл шара қазірдің өзінде шулы оқиғаларымен есте қалды. Солардың бірі – қазір бүкіл интернет талқылап жатқан «Жаркое соперничество» сериалының жұлдызы Хадсон Уильямстың подиумға шығуы.
