Style|Fashion

Met Gala 2026 кешіндегі көздің жауын алған азиялықтар

АвторыЛилия Шабутдинова
05.05.2026
Лиса | Фотосуретші: Нильсон Барнард | Getty Images
IMAGE Лиса | Фотосуретші: Нильсон Барнард | Getty Images
Толық құраммен келген BLACKPINK, K-pop жұлдыздарының мінсіз образдары, сондай-ақ Эйлин Гу мен Хадсон Уильямстың қызыл кілемдегі жарқын бейнелері. Биыл азиялық жұлдыздар Met Gala балының сәнін келтірді

Сән әлеміндегі ең басты кеш деп саналатын Met Gala балы дәстүрге сай мамыр айының алғашқы дүйсенбісінде өтіп, әлемнің ең ықпалды жұлдыздарының басын қосты. Қонақтар тізімін әдеттегідей Анна Винтур бастаған төрағалар кеңесі бекітті. Биыл оның қатарына актриса Николь Кидман, теннисші Винус Уильямс пен әнші Бейонсе қосылыпты.

Биылғы көрменің тақырыбы Costume Art деп аталса, қонақтарға арналған дресс-код Fashion Is Art, яғни «сән өнердің жалғасы» деп белгіленгендіктен, қиялға кеңінен ерік беруге толық мүмкіндік туды. Көптеген жарқын образдардың арасынан азиялық жұлдыздар ерекше көзге түсті. Олар жыл өткен сайын стиль мен креативтіліктің жаңа, өте жоғары стандарттарын қалыптастырып келеді.

Tatler басылымы Met Gala 2026 кешіне келген азиялық жұлдыздардың ең таңдаулы образдарын жинастырып қойды.

Laufey

Биыл исландиялық әнші Laufey өзінің Madwoman әніне түсірген жаңа бейнебаянына бірқатар азиялық жұлдыздарды шықырған еді. Онда Хадсон Уильямс, Алиса Лю, Лола Тун сияқты азиялық тамыры бар жұлдыздардан бөлек, продюсерлерден бастап режиссерге дейінгі барлық қатысушылар wasian, яғни ата-анасының бірі еуропалық, екіншісі азиялық болып келетін аралас қанды адамдар болды. Ал Met Gala кешіне келсек, әнші америкалық Tory Burch брендінің көйлегін таңдапты.

Laufey | Фотосуретші: Кевин Мазур | Getty Images
IMAGE Laufey | Фотосуретші: Кевин Мазур | Getty Images

Лиса

Биыл BLACKPINK тобы Met Gala кешінің қызыл кілемінде алғаш рет толық құрамда шықты. Лисаның образы авангардтық қол пішініндегі үшөлшемді бөлшектермен көмкерілген, бисермен өте күрделі кестеленген Robert Wun брендінің арнайы ақ көйлегімен есте қалмақ. Байқауымызша, Роберт Вун осы кештің ең танымал дизайнерлерінің біріне айналып, Chanel немесе Dior сияқты ірі сән үйлерімен бір қатарға көтерілетін сыңайлы.

Лиса | Фотосуретші: Джулиан Гамильтон | Getty Images
IMAGE Лиса | Фотосуретші: Джулиан Гамильтон | Getty Images

Розэ

BLACKPINK тобының тағы бір солисі Розэ Fashion Is Art дресс-кодын керемет ашып көрсетті. Ол Жорж Брактің «Құстар» картинасынан шабыт алған Saint Laurent қара көйлегін киіп, образын Tiffany & Co. әшекейлерімен толықтырған.

Розэ | Фотосуретші: Джейми Маккарти | Getty Images
IMAGE Розэ | Фотосуретші: Джейми Маккарти | Getty Images

Джису

Джису Met Gala кешінде алғаш шығуы үшін Dior брендін таңдады. Оның басқаша болуы мүмкін де емес еді, өйткені әнші француз сән үйінің амбассадоры. Жылтырақтармен көмкерілген қызғылт көйлекті ол Cartier винтаж әшекейлерімен керемет үйлестіріпті.

Джису | Фотограф: Кевин Мазур | Getty Images
IMAGE Джису | Фотограф: Кевин Мазур | Getty Images

Дженни

Ал Chanel француз сән үйінің амбассадоры Дженни жинақы, қарапайым образға басымдық берді. Ол Матье Блази арнайы тігіп берген «су перісі» пішініндегі көйлекпен жарқырады.

Дженни | Фотограф: Кевин Мазур | Getty Images
IMAGE Дженни | Фотограф: Кевин Мазур | Getty Images

Эйлин Гу

Эйлин Гу таңдаған ең таңғажайып образ Met Gala тарихында қалатыны сөзсіз. Ақпан айында өткен 2026 жылғы Қысқы Олимпиадада екі күміс пен бір алтын жеңіп алған фристайлшы Эйлин Гу қызыл кілемге tech couture стиліндегі қайталанбас бейнелерімен танымал нидерландтық дизайнер Iris van Herpen ұсынған қысқа «көпіршік» көйлегін киіп шықты. Спортшының өзі айтқандай, бұл көйлек 15 000 шыны көпіршіктен тұрады, ал оны жасап шығуға 2550 сағат жұмсалған екен. Бірақ ең таңғаларлығы – ол қызыл кілеммен жүріп өткен кезде көйлектен кәдімгі сабын көпіршіктері ұшып шығып жатты.

Эйлин Гу | Фотограф: Джон Насьон | Getty Images
IMAGE Эйлин Гу | Фотограф: Джон Насьон | Getty Images

Хадсон Уильямс

Hot Rivalry жұлдызы Хадсон Уильямс Met Gala балына алғаш рет қатысып жатыр. Бұл шараға актер өте үлкен жауапкершілікпен қараған сыңайлы. Актер сән үйінің негізін қалаушы Кристобаль Баленсиаганың мұрағатында сақталған 1947 жылғы болеродан шабыт алып, арнайы тігілген аспанкөк Balenciaga костюмін таңдады. Дегенмен, ол матадордың дәстүрлі испандық костюмінен айырмашылығы, әдеттегі жейдеден бас тартып, жалаңаш денеге пиджак іле салып, көпшіліктің ерекше қошеметіне ие болды. Айтпақшы, осы жылдың ақпан айында ол сән үйінің ресми досы болып атанған еді.

Хадсон Уильямс | Фотограф: Мэтт Винкельмейер | Getty Images
IMAGE Хадсон Уильямс | Фотограф: Мэтт Винкельмейер | Getty Images

Ю-Чи Лайра Куо

Тайвань-америкалық кәсіпкер, меценат әрі жоғары сән коллекционері Ю-Чи Лайра Куо Met Gala кешіне Jean Paul Gaultier брендінің арнайы образымен келді. Бұл туынды Лувр мұражайының бас баспалдағында келушілерді қарсы алатын Самофракиялық Никаның ежелгі грек мүсінінен шабыт алып жасалған.

Ю-Чи Лайра Куо | Фотограф: Майк Коппола | Getty Images
IMAGE Ю-Чи Лайра Куо | Фотограф: Майк Коппола | Getty Images

Алиса Лью

Кештің тағы бір дебютанты – 2026 жылғы Олимпиадада тек алтын медальді ғана емес, біздің жүрегімізді де жаулап алған америкалық мәнерлеп сырғанаушы Алиса Лю қызыл кілемге арнайы тігілген Louis Vuitton көйлегімен шықты. Француз сән үйі оны дәл осы балдың қарсаңында өзінің жаңа амбассадоры деп жариялаған еді.

Алиса Лью | Фотограф: Майк Коппола | Getty Images
IMAGE Алиса Лью | Фотограф: Майк Коппола | Getty Images

Иша Амбани

Үндістанның ең бай адамының қызы – Met Gala кешінің тұрақты қонағы, тиісінше оның образдары әрдайым ауқымдылығымен ерекшеленіп, желіде бірден таралып кетеді. Бұл жолы Gaurav Gupta ательесі ол үшін алтын жіптермен қолдан тоқылған сари (үнділердің ұлттық киімі) дайындапты. Бұл туындыға 50 шебер 1200 сағаттан астам уақытын жұмсаған. Сари оның анасы Нита Амбанидің Kantilal Chhotalal брендімен бірлесіп жасаған зергерлік бөлшектерімен безендірілген екен. Нитаның жеке коллекциясынан алынған екі жүзден астам гауһар тас корсаждағы металл кестенің үстіне қолмен тігіліпті. Образдағы тастардың жалпы салмағы 1800 караттан асып түсті. Ал осы сән-салтанаттың ең басты нүктесі – үйреншікті бөлшектердің орнына алтын сөмкеге салынған кәдімгі манго жемісі болды.

Иша Амбани | Фотограф: Лекси Морленд | Getty Images
IMAGE Иша Амбани | Фотограф: Лекси Морленд | Getty Images

Наоми Осака

Теннисші Наоми Осака Роберт Вунмен бірігіп нағыз перформанс жасады. Алдымен ол қызыл кристалл тастар көрініп тұратын тілігі бар, сыртқа қарай субұрқақ сияқты шашыраған қауырсындармен безендірілген ашық пальтомен шықты. Содан кейін оның ішінен толығымен кристалдармен көмкерілген қызыл көйлек жарқырай көрінді. Жалпы алғанда, бұл образды жасауға 3280 сағаттан астам қол еңбегі жұмсалып, қызыл түстің төрт түрлі реңкіндегі мыңдаған Swarovski тастары қолданылған екен. Айта кетейік, бұл оның Вунмен алғашқы ынтымақтастығы емес. 2026 жылғы Australian Open турнирінде Осака Nike x Robert Wun арнайы теннис формасымен кортқа шыққан болатын.

Наоми Осака | Фотограф: Димитриос Камбурис | Getty Images
IMAGE Наоми Осака | Фотограф: Димитриос Камбурис | Getty Images

Ничапат Супхап

The Venture Management компаниясының негізін қалаушы Ничапат Супхап та Роберт Вунды таңдапты. Оның айтуынша, балдың тақырыбын естіген бойда, образын тек Вун ғана жасап шығуы керек деп шешкен. Оның қара көйлегі Микеланджелоның «Адамның жаратылуы» фрескасының жаңаша көрінісіндей әсер қалдырады.

Ничапат Супхап | Фотограф: Лекси Морленд | Getty Images
IMAGE Ничапат Супхап | Фотограф: Лекси Морленд | Getty Images

Ejae

Ejae көпшілікке танымал K-Pop Demon Hunters анимациялық фильміндегі Оскар алған Golden әні арқылы жақсы таныс. Бұл жолы әнші алтынды емес, күмісті таңдауды жөн көріпті. Оның образын Swarovski бренді дайындап, көйлекті мыңдаған кристалдармен безендіріп берген екен.

Ejae | Фотограф: Майк Коппола | Getty Images
IMAGE Ejae | Фотограф: Майк Коппола | Getty Images

Одри Нуна

K-Pop Demon Hunters жобасының тағы бір жұлдызы Одри Нуна дизайнер Роберт Вун дайындаған қара және ақ түсті пальтомен (бейнебір бояу шашырап кеткендей) сондай-ақ ерекше қалпақпен шықты. Бәлкім, бұл образ Джексон Поллоктың шығармаларына жасалған сілтеме болар, алайда желі қолданушылары оны бірден 101 Dalmatians фильміндегі «Круэлланың тоны» деп атап кетті.

Одри Нуна | Фотограф: Кевин Мазур | Getty Images
IMAGE Одри Нуна | Фотограф: Кевин Мазур | Getty Images

Симон Эшли

2025 жылы Met Gala кешін өткізіп алған Bridgerton сондай-ақ The Devil Wears Prada 2 жобаларының жұлдызы Симон Эшли қызыл кілемге қайта оралды. Актриса Stella McCartney брендінің күміс шынжырлардан өрілген көйлегін таңдапты.

Симон Эшли | Фотограф: Майк Коппола | Getty Images
IMAGE Симон Эшли | Фотограф: Майк Коппола | Getty Images

Ан Хё-соп

Корей дорамаларының жұлдызы Ан Хё-соп Met Gala кешінде алғаш рет Valentino брендінің арнайы образымен таңғалдырды. Жылтырақпен безендірілген қара-алтын костюмін ол алтын түстес жібек жейдемен толықтырған. Ал кербез қызыл шарф пен Rockstud бөлшектері бар аяқ киім образды әдемі түйіндеп тұр.

Ан Хё-соп | Фотограф: Майк Коппола | Getty Images
IMAGE Ан Хё-соп | Фотограф: Майк Коппола | Getty Images

Цай Сюйкунь

Қытайлық әнші әрі рэпер қызыл кілемге Thom Browne киімімен шықты. Ол пиджак пен шалбардан тұратын қызыл- қара кестелі костюмді таңдап, образын мотоциклші қолғабымен, сондай-ақ бір көзіне таққан қызыл линзамен толықтырыпты. Бұл образға оның жаңа альбомындағы басты әні – Deadman шабыт берген көрінеді.

Цай Сюйкунь | Фотограф: Кевин Мазур | Getty Images
IMAGE Цай Сюйкунь | Фотограф: Кевин Мазур | Getty Images