Марина Абрамовичтің есімі ең алдымен өнермен тығыз байланысты болғанымен, оның сән әлеміндегі орны да ерекше. Ол Риккардо Тиши мен Ёдзи Ямамото сияқты әлемдік шеберлермен де, жаңа буын дизайнерлерімен де жиі жұмыс істейді. Жақында ғана оның көзі қазақстандық киімдерге түскен екен.
Бұл таныстықтың қалай өрбігені туралы ZhSaken негізін қалаушы Сәкен Жақсыбаевтың өзі айтып берді.
«Өнер әлемінде жүрген жақын достарымыз бізді оның Берлиндегі жабық көрмесіне шақырды. Таңғы ас үстінде кездесіп, екі сағаттай емін-еркін әңгімелестік. Қазақстан мен Орталық Азия туралы сөз қозғап, артынша әңгімеміз киім дизайнына ауысты. Бір кезде Демна Гвасалияның Маринаға Balenciaga көйлегін сыйға тартқаны туралы сөз болды. Мен де қарап қалмай, өзіміздің осы саламен айналысатынымызды айттым. Ол бірден қызығып: «Қане, көрсетші», – деді. Киімдерімізді қарап шыққан соң: «Маған мынау қатты ұнады. Осыны сатып алғым келеді», – деп қолқа салды. Мен: «Жоқ, не деп тұрсыз, мұны сізге қуана сыйлаймыз», – деп жауап бердім.
«Нәтижесінде ол үш-төрт киім таңдады, ал біз оларды кешіктірмей Нью-Йоркке салып жібердік. Ол бәрін 30 қарашаға дейін жеткізіп беруді өтінді, өйткені бұл киімдерді өзінің туған күніне орай өтетін жабық кеште киіп шыққысы келіпті.
«Кейінірек біз Маринаның біздің киімдермен британдық Present Space журналына арнайы суретке түскенін білдік. Осыдан кейін ол Бауыржан Шәдібековке (Visa Fashion Week Almaty-Tashkent жетекшісі. – Tatler) өзі хат жазып, түсірілімнің сілтемесімен бөлісті. Қазір біз үнемі байланыстамыз, тіпті оның 2027 жылы Орталық Азияға келу мүмкіндігін де талқылап жатырмыз», – дейді Сәкен Жақсыбаев.
