Style|Fashion

Loewe көрсетіліміндегі Әлжан Жандарбеков

АвторыTatler Kazakhstan
10.03.2026
Париждегі Loewe сән көрсетілімінде подиумға шыққан қазақстандық модель Әлжан Жандарбеков | Spotlight
IMAGE Париждегі Loewe сән көрсетілімінде подиумға шыққан қазақстандық модель Әлжан Жандарбеков | Spotlight
Silence Models агенттігінің тәрбиеленушісі әлемдік подиумдарды бағындыруын жалғастырып келеді

Paris Fashion Week аясында өткен Loewe брендінің 2026/27-жылғы күз-қыс маусымына арналған сән шоуында қазақстандық модель Әлжан Жандарбеков бой көрсетті. Биылғы сән маусымындағы халықаралық деңгейдегі кезекті жетістігі ретінде тіркелген бұл қадам Әлжанның кәсіби деңгейінің өскенін тағы бір дәлелдеді.

Париждегі Loewe сән көрсетілімінде подиумға шыққан қазақстандық модель Әлжан Жандарбеков
IMAGE Париждегі Loewe сән көрсетілімінде подиумға шыққан қазақстандық модель Әлжан Жандарбеков

Қазақстандық Silence Models агенттігінен түлеп ұшқан Жандарбеков әлемдік подиумдағы тұсаукесерін осы жылдың қаңтарында ғана жасаған болатын. Содан бері аз уақыттың ішінде Dior, Louis Vuitton, Dries Van Noten және Bottega Veneta сияқты ірі брендтермен жұмыс істеп үлгерген модель сән әлемінің назарына ілікті.

Loewe шоуында Әлжан сары шалбар мен градиентті тоннан тұратын жарқын бейнеде көрінді. Бұл образ – брендтің жаңа креативті директорлары Джек Маккалоу мен Лазаро Эрнандес ұсынған тұңғыш ерлер топтамасының ажырамас бөлшегі.

Дизайнерлер матаның құрамы мен киім пішініне батыл тәжірибе жасаған бұл топтамада винилге ұқсас материалдардан тігілген дүниелер, асимметриялық көйлектер мен былғары шашақты пальтолар ұсынылды. Сондай-ақ, үрлемелі матрасқа ұқсайтын пуховиктер мен 3D-принтерде басып шығарылған латекс комбинация-көйлектер де көпшілік назарына ілікті.