Климаттың барған сайын ысуы дизайнерлерді сәнді барынша жеңілдетудің жаңа жолдарын іздеуге итермелеп отыр. Dior-дағы Джонатан Андерсоннан бастап Louis Vuitton-дағы Николя Жескьерге дейінгі бірнеше шебер қымбат киімді аптап ыстықта да киюге ыңғайлы әрі жеңіл етудің амалын ойластыра бастады. Надеж Ваненің Hermès-ке арналған жаңа топтамасы дәл осы талапқа толық жауап береді. Мұндағы жеңілдік тек мөлдір маталар мен еркін пішіндерден туған әсер емес. Бұл жолы дизайнер ауа идеясын негізге алған: оны көзбен көре алмайсың, бірақ тұла бойыңмен сезінесің.


Осыған дейінгі бірнеше маусым бойы қараңғылау әрі қатаң киімдер ұсынып келген Ване енді бағытын айтарлықтай өзгертті: топтамада драма азайып, қарапайымдылық алдыңғы орынға шықты. Қою палитраның орнына шуақты гамма келді: қанық сары мен қызғылт сары реңктерден бастап крем түстерге дейін. Hermès-тің басты материалы болып саналатын былғары да әлдеқайда жұқарып, жұмсара түсті. Ване оны тормен, трикотажбен және жартылай мөлдір маталармен үйлестірді. Дене ашық қалғанымен, ешқандай артық провокация жоқ: оны тек кербез тіліктер, матаның мөлдірлігі мен қозғалысы ғана нәзік айшықтап тұр.

Ване киімнің құрылымына ерекше назар аударады. Мұндағы сыдырмалар киімді бекітіп қана қоймай, оның пішінін де өзгертеді. Мәселен, олардың көмегімен шалбардың екі бүйірін ашуға, көйлектің ұзындығын реттеуге немесе жакеттерді мүлдем басқа формаға келтіруге болады. Ұсынылған үлгілерде өзіндік желдету жүйесі бар сияқты: адамның қалауы мен ауа райына қарай еркін бейімделеді.


Дегенмен бұл функционалдылық тым күрделі немесе іш пыстырарлық дүние болып көрінбейді. Сән-салтанат сезімі толық сақталған. Алайда бұл жолы ол күрделі әрлеу арқылы емес, материалдың жоғары сапасы, пішімнің мінсіздігі, киімнің денеге қонымы мен қозғалыс еркіндігі арқылы сезіледі.















