Style|Fashion

Флоренцияда Gucci Storia көрмесі ашылды

АвторыTatler Kazakhstan
30.04.2026
Instagram | @Gucci
IMAGE Instagram | @Gucci
Палаццо делла Мерканция қабырғасында ашылған бұл көрме биылғы жылдың соңына дейін жалғаспақ

Флоренцияның қақ ортасындағы Синьория алаңында орналасқан, іргетасы сонау 1337 жылы қаланған тарихи Палаццо делла Мерканция ғимаратында жаңа Gucci Storia көрмесі өз есігін айқара ашты. Жоба кураторы қызметін брендтің креативті директоры Демна Гвасалия өз мойнына алған. Ол әйгілі сән үйінің өзі туып-өскен қаламен байланысын мүлдем жаңа қырынан ашып көрсетті.

Көрмеге бас сұққан қонақтар марканың 1921 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі жүріп өткен жолымен, яғни толықтай қалыптасу тарихымен таныса алады. Екі қабат пен 9 залды қамтитын кеңістікте тарихи мұрағаттар, интерактивті инсталляциялар, оған қоса брендтің болашағынан сыр шертетін тың дүниелер бір-бірімен тамаша үндесіп жатыр. Мұндағы жекелеген аймақтар тосканалық қолөнер шеберлігіне, әйгілі Gucciness визуалды кодына, сондай-ақ кинематографиялық яки мистикалық инсталляцияларға бағытталған.

Көрменің басты бөлмелеріне тоқталсақ, мұнда брендтің болмысы мен шығу тегін баяндайтын Портреттер галереясы, Флоренция қолөнерін паш ететін Гобелендер галереясы, мұрағаттағы сирек жәдігерлер жиналған Вундеркамера орналасқан. Одан бөлек, тағы екі үлкен зал шеберлік пен инновацияға арналыпты.

Әр бөлменің өзіндік қайталанбас атмосферасы бар. Ал көрме дәліздерімен жүріп өткен адам өзін бейнебір кеңістік пен мағыналар тоғысқан калейдоскоп ішіне түсіп кеткендей сезінеді. Бұл әдемі саяхат Gucci сән үйінің көпқырлы әрі қайталанбас табиғатын толықтай ашып көрсетеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: 2026 бірінші жартыжылдың ең қалаулы брендтері анықталды