Халықаралық сән тауарларының онлайн-агрегаторы Lyst платформасы 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы ең көп сұранысқа ие брендтер тізімін жариялады. Биыл компания алғаш рет Lyst Index-тің жаңа әдістемесін қолдана отырып, бағалау қағидатын түбегейлі өзгерткенін айта кету керек.
Платформа өкілдерінің мәліметінше, жаңартылған рейтинг бірдей маңызға ие үш негізгі көрсеткішке сүйенеді. Олар: «Тартымдылық», «Сұраныс», «Көзге түсу».
Әрқайсысына жеке тоқталсақ, «Сұраныс» санаты іздеу сауалдарын, сатып алу көрсеткіштерін, сондай-ақ тұтынушылардың шынайы қызығушылығын есепке алады. Ал «Тартымдылық» көрсеткіші блогерлер мен инфлюенсерлердің интернеттегі қолдауын өлшейді. «Көзге түсу» болса, қолданушылардың маркаларды қалай табатынын, соның ішінде нейрожелілер арқылы іздеу сияқты мүлдем жаңа тәсілдерді тіркейді. Осы жаңа әдіспен жасалған алғашқы есеп рейтингке жаңа есімдерді қосып, көшбасшы жиырмалықтың тізімін толығымен өзгертті.
Жаңартылған рейтингтің көш басына Chanel шықса, одан кейінгі орындарға Saint Laurent пен Dior жайғасты. Төртінші сатыға Miu Miu табан тіресе, бестікті Gucci қорытындылап тұр. Айта кетейік, бұл итальяндық сән үйі өткен кезеңмен салыстырғанда бірден төрт сатыға жоғарылаған. Ал басты жаңалықтардың бірі – Celine брендінің үздік жиырмалыққа енуі. Бұл марка Lyst Index тарихында алғаш рет топ жарып отыр. Сондай-ақ қытайлық коллаборациясы арқылы жаңа буын сатып алушылардың назарын аударған adidas та айтарлықтай серпіліс жасады.
Биылғы жылдың ең танымал бес тауарының
қатарында Saint Laurent-тің жағасы бар күртешесі, Chanel туфлиі, қытай стиліндегі adidas күртешесі, Celine балеткалары, сонымен қатар Vivienne Westwood көйлегі бар.
Есесіне былтырғы жылдың кейбір танымал брендтері өз орындарын жоғалтып алды. Бұған креативті директорлардың ауысуы мен жаңа платформаларда сирек көзге түсуі себеп болған. Әсіресе аудитория әдеттегі іздеу жүйелеріне емес, нейрожелілердің ұсыныстарына көбірек сүйенетін платформаларда олардың бәсекеге қабілеттілігі төмендегені байқалады.
