Dior брендінің жаңа круиздік топтамасының көрсетілімі Лос-Анджелес округінің Өнер мұражайында (LACMA), дәлірек айтқанда, осыдан бір ай бұрын ғана ашылған жаңа Дэвид Геффен галереясының жанында өтті. Бұл локация кездейсоқ таңдалмаған: жақында ғана француздық сән үйі дәл осы жерде өзінің жаңа флагмандық бутигін ашқан еді. Тиісінше, бұл шоу жаңа дүкенге жұрт назарын аударудың таптырмас мүмкіндігіне айналды.

Өзінің алғашқы круиздік топтамасына деген қызығушылықты арттыру мақсатында Джонатан Андерсон Instagram желісінде газет принті бейнеленген бірнеше сөмкенің суретін жариялады. Бір жағынан, бұл Джон Гальяноның Dior-дағы дәуіріне жасалған оммаж болса, екінші жағынан көпшілік мұны Chanel-дің круиздік топтамасында дәл осындай принттің кенеттен пайда болуына байланысты Матье Блазиге тасталған ескертпе деп қабылдады. Яғни, бұл мотивті кім ойлап тапқанын ұмытпаңдар дегендей.
Ал ресми тизер ретінде киевтік фотографтар Женя мен Таня Постернак түсірген, Альфред Хичкок классикасының рухындағы ақ-қара шағын фильм ұсынылды. Ондағы басты рөлді жақында жарық көрген Wuthering Heights экранизациясындағы Изабелла бейнесі арқылы таныс 28 жастағы актриса Элисон Оливер сомдаған. Айтпақшы, дизайнер сияқты Ирландияның тумасы саналатын Оливер – Андерсон көрсетілімдерінің тұрақты қонағы.
Ескі голливудтық киноның атмосферасы көрсетілім алаңында да көрініс тауып, подиумды жасанды тұман мен көлеңкелер басқан сәтте қонақтар ретрокөліктердің арасына жайғасты.

Нуарлық фильмнің эстетикасы тікелей топтаманың өзінде де жалғасын тапты. Шоуды белі төмен түсірілген сары май түстес көйлек киген модель ашқанмен, дәл осы образда одан бірнеше минут бұрын көрсетілім қонағы Сабрина Карпентер де көзге түсіп үлгерген еді. Бұдан кейін көрермендерге классикалық Bar жакетінің жаңаша нұсқасы ұсынылды. Қазіргі таңда Андерсон дәл осы киім үлгісімен тәжірибе жасағанды қатты ұнататын сияқты, өйткені бұл жолы ол жакетті ұзартып, жиектерін өңдемей шашақтап қойған және оны жіптің орнына күміс шынжырлар тағылған жыртық джинсымен үйлестірген.

Сонымен қатар, Dior-дың классикалық көйлектері барынша еркін пішімге ие болып, ерекше драпировкамен әрленсе, бұл образдарды жеңіл жаздық пальтолар, жұқа шарфтар мен көлемді боалар толықтырып тұрды.
Аксессуарларға да жеке тоқталып өткен жөн. Dior үшін маңызды саналатын Cigale және Lady Dior сөмкелерінің қатарына Кристиан Диордың «бақыт мифологиясынан» шабыт алатын ханқыз, ара және жоңышқа пішініндегі жарқыраған мини-клатчтар қосылды. Мұнымен қоса, Филип Трейсимен бірге жасалған, Dior, star және buzz жазулары бар шаш шеңберлері бұл образдардың мінсіз нүктесін қойғандай болды.
Андерсонның ready-to-wear, кутюрлік және круиздік топтамаларын түгелдей көріп шыққаннан кейін, біздің көз алдымызда жаңа Dior қаһарманының бейнесі толығымен қалыптасқан сияқты. Ол – еркін, ойнақы, сәл салғырттау болса да, ешқашан іш пыстырмайтын жарқын тұлға.
