Style|Fashion

Кристиан Диордың 5 тұмары: Джонатан Андерсонның жаңа пайымы

Автор Лилия Шабутдинова
11.11.2025
Кристиан Диордың 5 тұмары: Джонатан Андерсонның жаңа пайымы

Брендтің жаңа креативті директоры Dior негізін қалаушының ырымдарына қалай жаңа тыныс берді?

Кристиан Диор ғажайыптарға сенетін, тағдыр белгілері мен тұмарлардың күшіне иман келтірген адам болған. Ол өзінің жеке балгері Мадам Делайенің кеңесінсіз бірде-бір маңызды шешім қабылдамайтын. Көпшілік оның мистикаға бұл құштарлығын ессіздік деп санаса да, Диордың өзі XX ғасырдың ең табысты сән үйлерінің бірін құруға дәл осы сенімі көмектескенін айтатын. Брендтің жаңа тізгінін ұстаған Джонатан Андерсон да Диордың осы «бақытты мифологиясына» терең бойлап, киелі символдарды өз топтамаларында қайта жаңғыртты.

Диордың қалтасында әрдайым кішкентай тұмарлар жүретін: төрт жапырақты жоңышқа, «тіл-көзден сақтасын» деп түйіп алған ағаш кесіндісі, көне жәдігерлік қорапшадағы кепкен інжугүл, металл жұлдызша және алтын ара.

1. Сегіз саны

Диор мырза сандар тағдырды басқарады деп сенетін. Егер КоКо Шанельдің киелі саны 5 болса, Диор үшін 8 саны киелі болса керек: Christian Dior сән үйі 8 қазанда Париждің 8-ші округінде ашылған. Тіпті, оның әйгілі New Look топтамасының түпнұсқа атауы да En Huit («Сегіздік») деп аталған, өйткені оның бірегей силуэті 8 санының пішінін қайталайтын.

Бұл кездейсоқтық па, әлде тағдырдың белгісі ме, кім білсін, бірақ Джонатан Андерсон 17 қыркүйекте туған. Егер оның туған күнінің сандарын (1 + 7) қоссаңыз, 8 саны шығады. Бұл – нумерологиядағы оның күш-жігері мен мінезінің саны.

Christian Dior | Getty Images
IMAGE Christian Dior | Getty Images
Jonathan Anderson | Getty Images
IMAGE Jonathan Anderson | Getty Images

2. Інжугүл мен Түймедақ

Диор үшін жыл бойы інжугүл өсіретін жеке гүл өсірушісі болған деседі. Модельер оны әрдайым жағасына тағып жүріп, тіпті көрсетілім алдында «сәттілік үшін» кептірілген немесе жаңа үзілген гүлдерді көйлектердің етегіне тігіп қоятын. Оның гүл тұмарларының қатарына түймедақтарды да жатқызуға болады, олар 50-шы жылдардағы топтамаларда түймелер мен брошьтарда жиі кездесетін.

hotographed by David Sims | Dior
IMAGE hotographed by David Sims | Dior

Андерсонның дебюттік топтамасы да гүлге толы: жаңа Lady Dior сөмкелері былғарыдан жасалған түймедақтармен және сарғалдақтармен көмкерілген.

3. Жоңышқа

Диор төрт жапырақты жоңышқа сәттілік пен шабыт әкеледі деп сеніп, оны әрдайым өзімен бірге алып жүрген. Бұл тұмардың Джонатан Андерсон үшін де ерекше, қосарлы мағынасы бар. Дизайнер Солтүстік Ирландияда туғандықтан, бұл таңбаның ол үшін орны бөлек: жоңышқа – оның туған елінің де киелі символы. Естеріңізде болса, дизайнер Dior-ға тағайындалғаны туралы жаңалықты жоңышқалар бейнеленген суретпен жариялаған еді. Кейінірек бұл сурет болашақ Lady Dior сөмкесінің бір бөлшегі екені белгілі болды.

Photographed by David Sims | Dior
IMAGE Photographed by David Sims | Dior

4. Ара

«Еңбекқор аралар» – Диор өзінің тігіншілерін осылай атаса, Авеню Монтеньдегі ательесін «омартаға» теңейтін. Джонатан да бұл дәстүрді жалғастырып, кішкентай аралар мен инеліктерді (тағы бір сәттілік символы) сөмкелерде, жейде түймелерінде және зергерлік бұйымдарда жиі қолданады. Ал оның еңбекқорлықты білдіретін ең әдемі метафорасы – тігіншінің құралдары: қайшы, түйме, сантиметрлік лента және оймақтан құрастырылған ара пішініндегі брелоктары.

Photographed by David Sims | Dior
IMAGE Photographed by David Sims | Dior

5. Жұлдыз

Christian Dior сән үйінің тарихы бір жұлдыздан басталған. 1946 жылы Диор сол кездегі «мақта королі» атанған Марсель Буссакпен кездеспек болады. Буссак оған Philippe et Gaston сән үйін басқаруды ұсынбақшы еді. Аңыз бойынша, кездесу қарсаңында көшеде келе жатқан Диор жерде жатқан темір жұлдызшаға сүрініп, құлап қала жаздайды. Оны тағдырдың белгісі деп түсінген ол, келесі күні Буссакқа Philippe et Gaston-ды басқармайтынын, керісінше, өзінің жеке сән үйін ашатынын айтады. Содан бері модельер: «Мен әрдайым өз жұлдызымның соңынан ердім», – деп жазған екен.

Бұл киелі символ әзірге Андерсонның жұмыстарында көрініс таппады. Бірақ оның мұраға деген ерекше құрметін ескерсек, бұл жұлдыздың да жақын арада Dior топтамаларында жарқырайтыны сөзсіз. Әзірге, брендтің басты жұлдызы – Андерсонның өзі.