Style|Fashion

Джонатан Андерсон үшінші жыл қатарынан Fashion Awards нұсқасы бойынша «Жыл дизайнері» атанды

Автор Tatler Kazakhstan
02.12.2025
Jonathan Anderson | Getty Images
IMAGE Jonathan Anderson | Getty Images

Лондонда Британдық сән кеңесі ұйымдастыратын жыл сайынғы марапаттау рәсімі өтті

«Жыл дизайнері» атағы биыл да, міне, үшінші жыл қатарынан Джонатан Андерсонға бұйырды. Бұл таңғаларлық жайт емес, себебі Андерсон – британдық жетекші дизайнерлердің бірі ғана емес, жақында Dior-дың креативті директоры болып тағайындалуы арқылы өз беделін одан әрі биіктеткен маман.

Ал әйелдер киімінің үздік дизайнері атағын Alexander McQueen ардагері, қазіргі таңда Givenchy сән үйін басқаратын Сара Бёртон иеленсе, ерлер киімі бойынша үздік деп, жақында ғана Hermès ерлер желісінің дизайнері болған Грейс Уэльс Боннер танылды (ол бұл атақты екінші жыл қатарынан алып отыр).

Өзге номинациялар бойынша жеңімпаздар қатарында:

• «Сән индустриясына қосқан зор үлесі үшін» арнайы құрметке ие болған Дельфина Арно (LVMH);
• «Ұлыбританиядағы 100 жылдық тарихы» үшін марапатталған Chanel сән үйі;
• «Ерен жетістіктері үшін» марапат алған Брунелло Кучинелли;
• «Жыл моделі» атанған Анок Яй бар.

Сондай-ақ Рей Кавакубо (Comme des Garçons негізін қалаушы) мен оның серіктесі Адриан Джоффе, Дикон Боуденмен бірге Dover Street Market концепт-сторын құрғаны үшін Изабелла Блоу атындағы сыйлықты алса, Кейт Хоули Гильермо дель Тороның «Франкенштейн» фильміндегі еңбегі үшін «Костюмдердің үздік дизайны» номинациясын жеңіп алды.

Әнші Литтл Симз Southbank орталығындағы Meltdown фестивалінің ең жас кураторы ретінде «Жылдың мәдени жаңашылы» танылса, стилист Мелани Уордқа сән әлеміне қосқан үлесі үшін (қайтыс болғаннан кейін) құрмет көрсетілді. Ал жаңа әрі ерекше британдық дизайнерлерді қолдайтын Vanguard Award сыйлығы Дилара Финдикоглуға бұйырды.

Лондондағы Альберт-холда өткен рәсім тізгінін актер әрі драматург Колман Доминго ұстады. Кеш қонақтарының арасында 43 жасында жүкті екенін жариялаған Сиенна Миллер, Кейт Бланшетт, Анна Винтур, FKA Twigs, Шэрон Стоун, Кайли Миноуг, Иман және басқа да жұлдыздар бой көрсетті.