Style|Fashion

Dolce & Gabbana сән үйін Gucci-дің бұрынғы бас директоры басқаратын болды

АвторыTatler Kazakhstan
13.04.2026
Стефано Кантино | Getty Images
IMAGE Стефано Кантино | Getty Images
Стефано Габбана қызметтен кеткен соң, италиялық Dolce & Gabbana сән үйі Стефано Кантиноны жаңа бас атқарушы директор етіп тағайындады

WWD басылымы компанияның пресс-релизіне сілтеме жасай отырып хабарлағандай, Кантино Доменико Дольченің бауыры Альфонсо Дольчемен тізе қосып, бизнесті басқару ісіне көмектеспек. Стефано Кантино бұған дейін Gucci брендінде коммуникация және даму мәселелеріне жауапты болған. Жаңа қызметінде ол компания стратегиясын айқындап, брендті Италиядан тыс нарықтарда ілгерілетуге жауапты болады.

Бұл қадам компанияның басқару құрылымын өзгертіп, басшылық құрамды мықты мамандармен күшейту мақсатында жасалып отыр. Брендтің негізін қалаушылар күнделікті операциялық басқару ісінен біртіндеп кете бастады, сол себепті компания сырттан тәжірибелі топ-менеджерлерді тартып жатыр. Жақында ғана сән үйінің тең құрылтайшысы Стефано Габбана Dolce & Gabbana төрағасы қызметінен кеткен еді. Қазір ол компаниядағы өз үлесін (шамамен 40%) сату жолдарын қарастыруда.

Қазіргі таңда люкс тауарларға сұраныстың бәсеңдеуіне байланысты Dolce & Gabbana дағдарысты бастан кешіп отыр. Дереккөздердің мәліметіне сүйенсек, компанияның 450-млн еуроға жуық қарызы бар және қазір оны қайта қаржыландыру жолдарын іздестіруде.