Бүгінде Қазақстанның зергерлік брендтері осы көне тамырларға қайта оралып, байырғы дәстүрлерді заманауи тілде сөйлетуге ат салысып жүр. Олар жай ғана бұйым емес, қазіргі заман адамына арналған жаңа форматтағы тұмарлар жасап шығаруда.
Toolğa
Бұл брендтің бағыты – этномодернизм. Мұнда қазақ мәдениеті мен дәстүрі мүлдем жаңа, заманауи дыбысқа ие болады. Марканың атауының өзінде терең философия жатыр: ағылшын тіліндегі tool («құрал») сөзіне қазақтың -ға жалғауы қосылып, «Тұлға» деген ұғымды құрайды.
Бренд негізін қалаушы Іңкәр Нәдірбек бұл идеяны былай түсіндіреді: «Мен қыз-келіншектер үшін өзін-өзі танытудың ерекше құралын жасағым келді. Осы әшекейлерді тағып жүріп, қыздар өз болмысын ешбір сөзсіз-ақ паш ете алады деп ойлаймын». Осылайша, Toolğa бұйымдары заманауи әйел затының қайталанбас бейнесін айшықтап, оның дара болмысын толықтыратын маңызды детальға айналды.


MŪRAA
Брендтің негізін қалаушы Меруерт Әбдір көшпенділер әшекейлерін қайта пайымдап, қазақ зергерлік өнерінің ең күрделі әдістерін қолданады. Соның бірі – «зерлеу» техникасы: мұнда шеберлер негізгі металға ұсақ күміс түйіршіктерін дәнекерлей отырып, көздің жауын алатын өрнектер салады.
Жақында MŪRAA өзінің бестселлерге айналған сақиналар жиынтығын жаңартып, «AGYN» атты бойтұмар-әшекейлер топтамасын ұсынды. Жаңа топтамада нәзік пішінді білезіктер мен алғаш рет брошьтар пайда болды. Ал топтаманың нағыз хиты – білезік пен сақинаны нәзік шынжырмен жалғап тұрған ерекше әшекей болды. Айта кетерлік жайт, биыл Меруерт Әбдір Қазақстандағы ең стильді жандардың басын қосқан Tatler Asia’s Most Stylish тізіміне енді.


AIMAQ
AIMAQ брендінің тарихы кездейсоқ кездесуден басталған. Айнұр Канғожинаның Париждегі құрбысы одан қазақтың көне әшекейін тауып беруді өтінеді. Осы өтінішті орындап жүріп, Айнұр Шымкенттегі ескі заттар сататын дүкенге тап болады. Сол жерде ол музей экспонатынан кем түспейтін құнды жәдігерлердің ешбір жүйесіз, қарапайым қоқыс пакеттерінде жатқанын көріп, қатты таңғалады.
Осы оқиға бетбұрыс нүктесі болды. Айнұр өз топтамасын жинауға кірісіп, Қазақстанның түкпір-түкпіріне экспедицияларға шықты. Ол XIX ғасырдан сақталған бірегей зергерлік туындыларды тауып, солардың негізінде AIMAQ брендінің іргетасын қалады. Биыл Айнұр өз ізденістерінің жемісі ретінде Қазақстандағы тұңғыш жеке зергерлік өнер музейін ашты.


La Voie Nomade
Бренд атауы француз тілінен аударғанда «Көшпенді жолы» дегенді білдіреді. Қазақстан – Ұлы Жібек жолының маңызды белесі ретінде ғасырлар бойы Еуропа мен Азияны жалғап, мәдениеттер тоғысқан мекен болған.
Бренд негізін қалаушы Александра Соко осы бай мұраны қазіргі сән трендтерімен ұштастырып, жаңа туындылар жасауды мақсат етеді. Мұнда тарихи бейнелерді тікелей көшіру деген жоқ, бірақ әрбір бұйым көшпенділерге тән еркіндік пен рухты сездіреді. Бұл – тарихты құрметтеп отырып, болашаққа сеніммен қарайтын заманауи көшпенділерге арналған таңдау.


KazakhYuvelir
1941 жылы негізі қаланған бұл кәсіпорынның тарихы өте терең. Бірнеше жыл бұрын ауқымды ребрендингтен өткен бренд ата-бабадан қалған зергерлік шеберлікті сақтай отырып, оған жаңа мағына беруді көздейді.
Биыл бренд «Целинный» заманауи мәдениет орталығымен бірлесіп, саны шектеулі ерекше топтамасын жарыққа шығарды. Бұл туындыларды жасағанда шеберлер Barsakelmes перформансынан шабыт алған: ежелгі аңыздағы жылан тектес халық, Нұртөле есімді бала және тартылып кеткен теңіз хикаясы бұл әшекейлерге тылсым сипат пен мифологиялық тереңдік дарытқан.


