Style|Fashion

Дарио Витале Versace-ден кетті

Автор Tatler Kazakhstan
04.12.2025
@dario___vitale | Instagram
IMAGE @dario___vitale | Instagram
Брендтің креативті бағытын 2025 жылдың наурызында ғана қолға алған ол, осы уақыт ішінде бар болғаны бір топтама ұсынып үлгерген

Сән үйіне сілтеме жасаған WWD басылымының хабарлауынша, дизайнер Дарио Витале Versace қатарынан кетті. Бұл ақпарат Prada Group брендті иелену процесін аяқтағаннан кейін, ертесіне-ақ белгілі болды.

Басылымның жазуынша, дизайнердің кеңсеге келмегеніне бірнеше күн болған. Оның қызметтен кету себебі, сондай-ақ Versace-нің жаңа креативті стратегиясы әзірге жарияланбады. Дегенмен WWD дереккөздері Виталенің кетуіне оның кезінде Miu Miu дизайн-директоры болған Prada Group-қа қайта оралуға құлықсыздығы себеп болуы мүмкін екенін жазды.

Versace-ге 2025 жылдың наурызында ғана келген Дарио Витале жұмыс барысында биылғы қыркүйекте көрсетілген «көктем-жаз 2026» топтамасын ғана ұсынып үлгерді.

Еске салсақ, Prada Group 2025 жылдың желтоқсан айының басында Capri Holdings Ltd компаниясынан Versace-ні сатып алуды толық аяқтады. Сәуір айында белгілі болған мәміле құны 1,25 миллиард еуроны құрады. Брендтің жаңа басшысы болып Prada иелері Миучча Прада мен Патрицио Бертеллидің ұлы – Лоренцо Бертелли тағайындалмақ.