Брендті сатып алу туралы сәуір айында белгілі болғанымен, мәмілені аяқтау 2025 жылдың соңына шегерілген еді
Prada сән үйі Capri Holdings Ltd компаниясынан Versace-ні сатып алу процесін толығымен аяқтап, Reuters агенттігінің дерегінше, құны 1,25 миллиард еуроны құрайтын мәмілеге нүкте қойды. Енді Versace брендінің тізгінін Prada қожайындарының ұлы Лоренсо Бертелли ұстайтын болады.
Сатылымға Versace-нің соңғы жылдардағы көрсеткіштерінің төмендеуі мен компаниядағы қордаланған мәселелер түрткі болған. Prada өкілдері Versace-нің брендтік болмысы сақталатынын, ал жаңа иегер басты назарды технологиялық процестерді ретке келтіруге аударатынын жеткізді. Сонымен қатар, Business of Fashion басылымының жазуынша, жоспарда бренд имиджін жаңарту және оның аутлеттерге тәуелділігін азайту көзделген.
Негізінен, мәміле туралы сөз 2025 жылдың басында қозғалған болатын. Наурызда, яғни келісімнен бірнеше апта бұрын, Capri Holdings Донателла Версаче 1 сәуірден бастап Versace-нің креативті директоры лауазымына қайта оралатынын хабарлаған еді. Алайда оның орнына келген Miu Miu-дың бұрынғы дизайн-директоры Дарио Витале қыркүйекте алғашқы топтамасын ұсынып үлгерді.
Prada ішіндегі дереккөздердің айтуынша, олар Versace-ге бірнеше жылдан бері қызығушылық танытып, алғашқы талқылауларды коронавирус пандемиясы кезінде-ақ бастаған. Бірақ ол кезде мәміле монополияға қарсы заңнама талаптарына қайшы келгендіктен, жүзеге аспай қалған еді.
