«Чонгуктің алтын қолы» және «солдаут королі». Жанкүйерлер k-pop айдолының сатылымға тигізетін керемет ықпалын осылай сипаттайды. Чонгук әлдебір затты киіп шықса немесе брендті атап өтсе жеткілікті. Оған деген қызығушылық күрт артып, тауар сөрелер мен сайттардан лезде жоғалып кетеді.
2023 жылы BTS мүшелері сән үйлерімен жеке келісімшарт жасасу мүмкіндігіне ие болды. Сол кезде Чонгук үшін жетекші брендтер арасында нағыз талас басталды. Алайда бұл бәсекеде Calvin Klein жеңіске жетті. BTS тобының ең жас мүшесі (жанкүйерлер оны «алтын макнэ» деп атайды) өзінің сән әлеміндегі алғашқы жеке келісімшартын дәл осы брендпен жасасқан еді.
Дегенмен айдол мен Balenciaga арасындағы ерекше байланысты байқамау мүмкін емес. Чонгук күнделікті образдары үшін брендтің киімдерін жиі таңдап, түрлі қоғамдық шараларда киіп жүрді. Мәселен, 2025 жылы «Сөмкеңде не бар?» форматындағы видеода ол Balenciaga рюкзагы мен мыжылған чипсы қорабына ұқсайтын ерекше дизайндағы әмиянды көрсетті. Сырт көзге бұл жай ғана әншінің өз талғамы сияқты көрінуі мүмкін. Алайда K-pop жұлдыздарының көпшілік алдында әлдебір брендтің затын ұстап жүруі ешқашан кездейсоқтық болған емес. Брендтермен жасалған келісімшарттар артистің образында қандай маркалар мен заттардың болуына қатысты қатаң ережелерді талап етеді. Ал кадрдағы әрбір бөлшекті алдын ала ойластыруға болатын видео туралы сөз қозғасақ, нақты бір брендтің пайда болуын жай ғана сәйкестік деу қиын.
Осы жазда олардың тығыз ынтымақтастығының тағы бір дәлелін көрдік. BTS әлемдік турнесі кезінде бренд Чонгукқа арнайы сахналық образдар жасап берді. 17 және 18 шілдеде Парижде айдол сахнаға көз тартарлық тотал-лукпен шықты. Ол Balenciaga 2026 жылғы күз-қыс және 2027 жылғы жаз-көктем топтамаларының желісімен арнайы өзіне тігілген бірден бес образды таныстырды. Олардың қатарында Le City танымал детальдары, былғары шалбарлар мен күртешелер, көлемді силуэттер бар. Сондай-ақ Balenciaga фирмалық аксессуарлары Venom Boots бәтеңкесі, Boomerang Cat көзілдірігі мен брендтің әшекейлері болды. Әзірге Balenciaga Чонгукті өзінің ресми амбассадоры немесе бренд беткейі ретінде жариялаған жоқ. Бірақ ресми мәртебесіз-ақ оның Balenciaga брендіне деген қызығушылық пен сатылымға тигізер ықпалы өте зор.
Қазіргі таңда Чонгук индустрияның бірнеше ірі брендтерімен қатар жұмыс істеп жатыр. Ол Calvin Klein жаһандық амбассадоры болудан бөлек, 2025 жылдың соңынан бері Chanel парфюмерия және косметика желісінің беткейі. Ал 2026 жылдың ақпанынан Hublot сағат брендінің, шілде айынан бастап Graff зергерлік үйінің амбассадоры атанды.
