Style|Fashion

BTS ұсынған сән нұсқаулығы: әлемдегі ең танымал k-pop тобы қай брендтерді таңдайды?

АвторыЛилия Шабутдинова
01.04.2026
K-pop алыбы BTS тобы 2026 жылдың 21 наурызында Сеулде сахнаға қайта оралған сәт. Бұл тегін концерт топтың төрт жылға жуық үзілістен кейінгі алғашқы ресми өнері болды | Getty Images
IMAGE K-pop алыбы BTS тобы 2026 жылдың 21 наурызында Сеулде сахнаға қайта оралған сәт. Бұл тегін концерт топтың төрт жылға жуық үзілістен кейінгі алғашқы ресми өнері болды | Getty Images
лгі грек мифологиясындағы қолы тиген дүниенің бәрін алтынға айналдыратын Мидас патша туралы аңызды бүгінде жаңаша атауға болатын сияқты. Қазіргі заманның «алтын қолды» қаһармандары ретінде Чонгук немесе Чиминді, тіпті BTS тобының кез келген мүшесін айтуға болады. Кез келген затты миллиондардың арманына айналдыратын бұл жігіттер – әлемдік брендтер үшін ең танымал өкілдер (амбассадорлар) әрі сатылым рекордын жаңартудың нағыз хас шеберлері

Қазіргі таңда олардың ықпалы бұрынғыдан да арта түсуде: соңғы студиялық альбомнан кейін алты жыл өткенде BTS тобы сахнаға салтанатты түрде қайта оралды. Осы уақыт ішінде Джин, Шуга, Джей-Хоуп, RM, Чимин, Ви және Чонгук Оңтүстік Корея армиясындағы міндетті әскери борышын өтеп, жаңа белестерді бағындыруға сақадай сай тұр. Олардың жаңа туындысы қазірдің өзінде рекордтарды жаңартуда: топ Billboard Global 200 чартында алғашқы тоғыз орынды түгел иеленді, ал алда ауқымды әлемдік тур күтіп тұр. Ендеше, бүгінде ең ықпалды айдолдармен қай брендтер жұмыс істеп жатқанын тізбектеп көрейік.

Чонгук: Calvin Klein, Chanel, Hublot

Мәселе тек миллиондаған қаралым жинайтын әдемі суреттерде ғана емес. BTS мүшелерінің ықпалы нақты цифрлармен, яғни тауарлардың лезде сатылып кетуімен және компания акцияларының өсуімен өлшенеді. Чонгуктың Calvin Klein-мен серіктестігі бұған айқын мысал бола алады. Оның қатысуымен шыққан бейнероликтер бренд тарихындағы ең көп қаралым (қазіргі таңда 38 және 33 млн) жинап қана қоймай, нарыққа да айтарлықтай әсер етті. Мәселен, 2023 жылы Чонгукпен жұмыс басталған алғашқы төрт күнде Calvin Klein-нің бас компаниясы PVH Corp-тың акциялары 22%-ға өсіп, ал брендтің ресми сайты келушілердің көптігінен бірнеше сағат бойы істен шыққан болатын.

Бұл жағдай сатылымға да тікелей әсер етті: жарнамада Чонгук киген CKJ кепкалары, футболкалар мен джинсы шалбарлары бір сағатқа жетпей сатылып кетті. Көптеген ірі сән үйлері Чонгукты өздерінің жарнамалық бет-бейнесі ретінде көргісі келсе де, ол америкалық брендпен серіктестігін жалғастырып келеді. Өткен жылы Calvin Klein медиа-ықпал көрсеткіші (Media Impact Value) бойынша Michael Kors, Tory Burch және Off-White сияқты алпауыттарды басып озып, Нью-Йорк сән апталығының көшбасшысы атанды. Launchmetrics деректері бойынша, айдолдың Calvin Klein парақшасында жарияланған суреттері брендке 825 мың доллар көлемінде медиа-пайда әкелген.

Бұдан бөлек, Чонгук 2025 жылдың соңынан бастап Chanel-дің парфюмерия мен косметика желісінің, ал 2026 жылдың ақпанынан бастап Hublot сағат брендінің ресми өкілі болып табылады.

Чимин: Dior Beauty, Tiffany & Co, Lador

Жанкүйерлер «Чимин әсері» деп атайтын құбылысты оның «Сөмкемде не бар?» айдарындағы қарапайым видеосынан-ақ байқауға болады. Бейнежазбада ол өз заттарын қысқаша ғана көрсетіп өткенімен, ертесіне Dior сөмкесі де, оның ішіндегі барлық заттар да дүкен сөрелерінен жоқ болып кетті.

Тағы бір мысал: 2026 жылдың ақпанында Чимин Инчхон әуежайында Dior-дың Normandie Tote Bag сөмкесімен көрінді. Суреттер желіге тарағасын, құны 8 700 доллар тұратын бұл сөмкенің ресми сайтта бір сәтте таусылып қалғаны туралы ақпарат шықты.

Чимин 2023-жылы Dior сән үйінің жаһандық амбассадоры атанды – оның серіктестігі туралы хабарлаған бейнеролик Instagram-да 67,5 млн қаралым жинап, рекорд орнатты. Дәл сол жылы ол Tiffany & Co зергерлік үйіне де қосылды: Нью-Йорктегі жаңартылған дүкеннің ашылуына жүздеген жанкүйер жиналды. Ең қызығы, Чиминге ол жерде болатынын растап, әлеуметтік желіде ешқандай сторис немесе хабарлама жариялаудың да қажеті болған жоқ – Чимин келеді деген болжамның өзі жүздеген жанкүйердің жиналуына жеткілікті болды.

2025-жылдың желтоқсанынан бастап ол шаш күтіміне арналған кореялық Lador премиум-брендінің бет-бейнесіне айналды. Айтпақшы, бұл қазіргі индустриядағы өте өзекті тренд болып табылады: ер-айдолдардың бьюти науқандарының басты тұлғасы атануы жиілеп кетті. Осылайша, олар брендтерге косметика мен күтім құралдарын әйелдер аудиториясына тиімді сатуға көмектесіп келеді.

Ви: Celine, Cartier, TIRTIR және Yunth

Ви (Ким Тэхён) әлемдегі ең сымбатты ер адам ретінде жиі танылып келеді. Өткен жылы ол британдық Nubia Magazine басылымының жаһандық сауалнамасында 163 елдің жанкүйерлерінен 10,7 миллионнан астам дауыс жинады, соның арқасында ол осы титулды үш жыл қатарынан (2023 жылдан 2025 жылға дейін) иеленген алғашқы адам атанды. Оның мұндай мәртебесі жарнамалаған дүниесінің бәрін лезде өткізуге септігін тигізеді. Кореялық БАҚ оны «Sold Out Fairy» немесе «Жедел сатылым перісі» деп атап кеткен. «V әсерін» Celine және Cartier брендтері де сезінді: ол Celine-нің өкілі болғасын, компанияның Оңтүстік Кореядағы бөлімшесінің табысы 591%-ға өсті.

Cartier-нің де нәтижелері таңғалдырады: Ви жарнамалаған 26 700 долларлық алқа бірнеше күнде, ал ол әскерден оралғанда таққан 13 500 долларлық Cartier Santos-Dumont сағаты сол күні-ақ сатылып кетті. Сән мен зергерлік бұйымдардан бөлек, Тэхён 2025 жылдан бастап TIRTIR косметикалық бренді мен жапондық Yunth брендінің өкілі болып табылады.

Сонымен қатар, Ви лайфстайл-сегментінде де бірқатар серіктестік орнатқан: олардың қатарында жапондық Snow Peak Apparel аутдор-бренді мен Оңтүстік Кореядағы аса танымал Compose Coffee кофеханалар желісі бар.

RM: Bottega Veneta

BTS көшбасшысы – RM (Ким Намджун) 2023 жылы италиялық Bottega Veneta сән үйінің тарихындағы алғашқы ресми өкіл атанды. Одан кейін ғана бұл рөлге A$AP Rocky мен Джейкоб Элорди ие болды.

Ким Намджун соңғы рет 2025 жылдың қыркүйегінде Миландағы сән апталығында Bottega Veneta іс-шараларына қатысқан болатын. 

BTS ұсынған сән нұсқаулығы: әлемдегі ең танымал k-pop тобы қай брендтерді таңдайды?

Сәннен бөлек, RM Samsung-тың амбассадоры ретінде өшіп тұрғанда суретке айналатын Art TV интерьерлік теледидарларын да таныстырып жүр.

Шуга

Шуга (Мин Юнги) 2023 жылдан бастап Valentino сән үйінің жаһандық өкілі болып жүр. Қазіргі таңда оның брендтегі мәртебесі туралы ресми ақпарат жоқ, бірақ топтың жұмысы қайта жандана бастағасын, оған люкс брендтерден, соның ішінде Пьерпаоло Пиччоли ауысқан Balenciaga-дан жаңа ұсыныстар түсуі әбден мүмкін. Әзірше Шуга Samsung Galaxy Buds4 Pro құлаққаптарының ресми өкілі ретінде технология саласындағы серіктестікке басымдық беріп отыр.

Джей-Хоуп: Louis Vuitton

Louis Vuitton – K-Pop ықпалын алғашқылардың бірі болып бағалаған сән үйі. Топтық келісімшарттар аяқталғасын, бренд Джей-Хоуппен серіктестікті жеке түрде жалғастыруды жөн көрді. Ол тек жарнамалық түсірілімдерге қатысып қана қоймай, жақында өзінің авторлығымен LV Buttersoft кроссовкаларының жаңа моделін ұсынды. Айдолдың қолтаңбасы мен «Your, My Hope» жазуы бар бұл аяқ киімдер ресми сатылымға шықпай жатып-ақ толықтай алдын ала сатылып кетті.

Осы оқиғалар аясында жақында Джей-Хоуптың Nike брендімен ықтимал жаһандық келісімшарты туралы қауесеттердің пайда болуы ерекше назар аудартады.

Джин: Gucci, Fred, Alo Yoga

BTS жанкүйерлері Джинді (Ким Сокджин) Worldwide Handsome немесе «әлемнің сымбаттысы» деп атайды. Бұл жігіт аудиторияның назарын қалай аудару керек екенін жақсы біледі. Ол 2024-жылдың тамыз айында Gucci-дің жаһандық амбассадоры атанды және бұл серіктестік тіпті шығармашылық директор ауысқаннан кейін де жалғасын тауып келеді.

Сол жылдың ортасында француздық Fred зергерлік үйі Джинді өзінің алғашқы жеке жаһандық амбассадоры ретінде таңдады, ал одан кейін бірден америкалық athleisure-бренд Alo қосылды.

Бұдан бөлек, Джин сұлулық, гастрономия және туризм саласындағы брендтермен де жұмыс істейді: олардың қатарында кореялық Laneige косметикалық бренді, шаш күтіміне арналған Lucido-L желісі, Кореядағы ең танымал рамендердің бірі – Ottogi Jin Ramen бар, сондай-ақ ол Сеул қаласының құрметті туристік амбассадоры қызметін атқарады.