Silence Models агенттігінің қазақстандық манекеншісі Әлжан Жандарбеков 2026 жылы әлемдік сән индустриясындағы ең танымал жаңа есімдердің біріне айналды. Осы жылы ол Louis Vuitton, Dior, Dries Van Noten және басқа да жетекші сән үйлерінің подиумдарына шықты. Әлжанның ерекше фактуралық келбетін беделді Models.com порталы атап өтті. Оның есімі престижді Model of the Week және Top Shows тізімдеріне кірді.

Жақында өткен MM6 Maison Margiela көрсетілімінде Әлжан барынша ұстамды образда пайда болды. Ол қоңыр плащ, ашық түсті джинс және Havaianas брендімен бірлесіп жасалған вьетнамка киіп шықты. MM6 интерпретациясында бұл үйреншікті жазғы аяқкиім бақайларды бөліп тұратын ерекше табанмен толықтырылды.
MM6 Maison Margiela көктем-жаз 2027 топтамасында үйреншікті гардероб заттары мен олардың денедегі орны жаңаша ойластырылған. Дизайнерлер киімдердің орнын ауыстырып, ерекше пішіндер жасады. Мәселен, классикалық жейделер жамбасқа түсіп, белдемшеге айналды. V-мойынды жоғарғы киімдер белден төмен түссе, белдемшелер кеуде тұсына дейін көтеріліп, көйлек рөлін атқарды. Киімдер танымал пішіндері мен бөлшектерін сақтап қалды, тек қызметі мен денедегі орны өзгерді. Мұндай тәсіл MM6 эстетикасына тән өте мәнерлі авангардтық контраст тудырды.
Айта кетейік, MM6 Maison Margiela жобасы француздық Maison Margiela сән үйінің екінші желісі. Бұл бағыт 1997 жылы іске қосылды. Бастапқыда ол негізгі желінің арзанырақ, практикалық әрі күнделікті киюге болатын нұсқасы болды. Сонымен қатар ол брендтің негізгі қағидаларын — интеллектуалдық дизайн, эксперимент және деконструкцияны қатаң сақтады. MM6 атауы брендтің дәстүрлі сандық таңбалау жүйесімен тығыз байланысты. Брендтің биркаларында 0-ден 23-ке дейінгі сандар қолданылады, олардың әрқайсысы белгілі бір бағытты білдіреді. Алғашында 6 саны әйелдер киімінің желісін көрсетті. Уақыт өте келе бұл бағыт жеке MM6 Maison Margiela брендіне айналып үлгерді.















