Готикалық эстетика
Биылғы жылдың ең өзекті тренді – готика стиліндегі үйлену тойы. Пайдаланушылардың дәл осы тақырыпқа деген сұранысы 1000 пайыздан асып түскен. Жас жұптар дәстүрлі ашық пастель түстерден бас тартып, декорация үшін қанық қызыл, күрең қызыл, тіпті қап-қара реңктерді көбірек таңдайтын болды. Классикалық ақ гүлшоқтарының орнын кептірілген гүлдерден, күңгірт раушандардан, тіпті қауырсындардан жиналған композициялар басты. Қара глазурі бар, яғни сырты мәрмәр тасқа ұқсап безендірілген винтаж торттар, оған қоса балауыздар, канделябрлар мен көне шамдалдар үлкен сұранысқа ие. Мұндай рәсімдер көбіне ескі зәулім сарайларда, қамалдарда немесе қалың орман ішінде өтеді.

Трансформер көйлектер
Үйлену тойы сәні де біртіндеп ыңғайлылыққа бет бұрды. Биылғы басты трендтердің бірі – дәл той үстінде пішінін оп-оңай өзгерте қоюға болатын трансформер көйлектер. Шешіп тастауға болатын белдемшелер, түрлі жамылғылар, болеро мен кимоно жеңдер қалыңдыққа бір күн ішінде бірнеше түрлі образда жарқырауға тамаша мүмкіндік береді. Мұндай модельдерді ауа райына, би билеуге немесе бір локациядан екіншісіне көшуге бейімдеу өте оңай. Pinterest желісінде дәл осындай шешімдерге деген сұраныс өткен жылмен салыстырғанда жүздеген есеге өскен.

Желектен бас тарту
Желек таққан нәзік те романтикалық образ біртіндеп өткен күннің еншісінде қалып барады. Биыл басты аксессуарлар ретінде тормен көмкерілген қалпақтар, талғампаз тиаралар, таспен безендірілген шеңберлер, тіпті ретро-капорлар алдыңғы қатарға шықты. Қалпақтар образға батылдық пен ерекше мінез бергендіктен, әсіресе жиегі жалпақ, қара түспен әдіптелген модельдер аса танымал. Ал тиаралар образды артық пафоссыз, нағыз патшайымдарға тән эстетикамен байыта түседі. Сонымен қатар көптеген қалыңдықтар бас киімнен мүлдем бас тартып, оның орнына шаштарын қарапайым әрі еркін етіп сәндеуді жөн көреді.

Ерекше локациялар
Сарапшылардың мәліметінше, қазіргі жұптар той өткізу үшін ескі зауыттар, өнер лофттары, зәулім ғимараттардың шатыры, фермалар, ботаникалық бақтар, тіпті қараусыз қалған ғимараттар сияқты ерекше локацияларды жиі іздейді. Мұндағы басты талап – қатаң шектеулерге бағынбай, яғни қатып қалған қағидаларсыз өздері қалаған авторлық сценарийді жүзеге асыру мүмкіндігі. Pinterest желісінде «индустриялық стильдегі той», «тауда таң ататын рәсім», «ормандағы үйлену тойы пикнигі» деген сұраныстар күрт көбейген.

Қалыңдық гүлшоғынан бас тарту
Тағы бір қызық тренд – классикалық қалыңдық гүлшоғынан бас тарту. Оның орнына иыққа тағылатын тірі гүл композициялары (гүлді білезіктер, бутоньеркалар), шашқа тағатын жарқырауық бөлшектер қолданылады. Тіпті кейбіреулер гүлдің орнына шағын өлеңдер жинағын ұстап шығуды әдетке айналдырған. Одан бөлек, кептірілген гүлдерден, қырыққұлақтан, мақтадан, тіпті ағаш бөлшектерінен жасалған гүлшоқтары сияқты экологиялық баламалар да үлкен сұранысқа ие.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: 2026 жылдың қазіргі сәттегі ең қалаулы брендтері белгілі болды
