Style|Beauty

Зендея Prada Beauty брендінің жаһандық амбассадоры атанды

АвторыTatler Kazakhstan
30.07.2026
Зендея | Prada Beauty
IMAGE Зендея | Prada Beauty
Осылайша танымал актриса сән үйінің бет-бейнесі саналатын Том Холландтың қатарына қосылды

Prada Beauty Зендеямен ресми түрде серіктес атанғанын жариялады. Голливуд жұлдызы Prada Paradoxe парфюмінің жаһандық амбассадоры және оның су жаңа Prada Paradoxe Sweet Chemistry нұсқасының басты бейнесі ретінде таңдалды. Компания өкілдері Зендеяның бұл жобаға кездейсоқ келмегенін айтады. Брендтің пайымдауынша, қарама-қайшылықтардың үйлесіміне құрылған хош иістің негізгі идеясын дәл осы актриса ғана толық ашып бере алады. Себебі ол кино, сән және музыка әлеміндегі карьерасын қатар алып жүр, ал оның стилі үнемі құбылып тұрса да, өзіндік қайталанбас қолтаңбасын ешқашан жоғалтқан емес. Sweet Chemistry хош иісінің жаңа нұсқасы жемістер мен гүлдердің нәзік лебін сыйлайды. Композициядан қарақат, апельсин гүлі және нероли ноталарын байқауға болады.

Зендеяның өзі серіктестік туралы ұсыныс түспей тұрып-ақ Prada Paradoxe парфюмін күнделікті өмірде қолданып жүргенін жасырмады. Актрисаның айтуынша, оған бұл хош иістің философиясы өте жақын. Бұл парфюм адамның бір мезетте әрі мықты, әрі нәзік бола алатынын, ол үшін қоғам таңған жасанды образдардың қажет еместігін ұқтырады. Жаңа өнімнің жарнамалық кампаниясын «Оскар» сыйлығының лауреаты Барри Дженкинс түсірді. Роликтің ортасында – Prada-ның басты концепциясын паш ететін Зендеяның образы. Ол заманауи әйелдің әртүрлі бола алатынын, үнемі өзгеріп отырса да, әрқашан өз болмысына адал қалатынын тамаша бейнелейді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Prada Beauty амбассадорларының қатарына Зендеяның күйеуі, актер Том Холланд қосылған еді. 2025 жылдың тамыз айында ол брендтің жаһандық елшісі болып тағайындалып, ерлерге арналған жаңа Prada Paradigme парфюмін таныстырды. Оның жарнамалық ролигін даниялық режиссер Томас Винтерберг түсірген болатын. Ал биыл көрермендер Холланд пен Зендеяны экраннан қайта бірге көрді: жұлдызды жұп Кристофер Ноланның «Одиссея» және «Человек-паук: Совершенно новый день» фильмдерінде басты рөлдерді сомдады.