Таңғы рәсімдеріңіздің ішінде жаныңызға ерекше жақын, не болмаса, құлықсыз болса да міндетті түрде жасайтындары бар ма?
Менің таңым ерте, сағат 6:20-да басталады. Қала әлі ұйқы құшағында жатқан осы бір тыныш мезгіл маған ерекше ұнайды. Бір стақан жылы су, жаңа сығылған балдыркөк шырыны және бетке арналған ылғалдандырғыш маска – осының бәрі менің сергек оянуыма септігін тигізеді. Ал күнделікті кестенің аса сүйікті болмаса да, мүлтіксіз орындалатын тұсы – тіс тазалау. Бұл процеске мен кемінде бес минутымды арнаймын.
Өнімділігіңіз бен жұмысқа қабілетіңіздің жоғары болуының сыры неде?
Мұның басты кілті – темірдей тәртіпте жатыр. Таңғы аффирмациялар, тұрақты спорт және әр ісімді саналы түрде атқару – ішкі тыныштық пен сыртқы белсенділік арасындағы тепе-теңдікті ұстап тұратын негізгі тіректерім.
Джетлагпен күресудің өзіндік әдісіңіз бар ма?
Бағыма орай, джетлаг мені мазалай бермейді. Десе де, ұзақ сапарлардан кейінгі ісінумен күресуге тура келеді. Бұл орайда маған өз командам мен ERVIA Aesthetic Residence-тегі процедуралар көмекке келеді – олар денем мен теріме жан бітіріп, лезде қалпына келтіреді.
Спорттың қай түріне басымдық бересіз және таңдауыңыздың себебі неде?
Кестемнің тығыздығына қарамастан, аптасына алты рет бір сағаттан жаттығуға уақыт табамын. Оның үшеуін күштік жаттығуларға, қалған үшеуін созылуға арнаймын. Кейде мұны өзен жағасындағы ұзақ серуенмен алмастыратыным бар. Жасым 40-қа келгендіктен, жыл өткен сайын денемнің спорттық жүктемеге қандай ризашылықпен жауап беретінін анық сезінемін.
Өзіңізге күтім жасауда қандай wellness-рәсімдер жаныңызға жақын?
Денені босаңсытатын шаралардың барлығын жақсы көремін: қол және аппараттық массаждар, дене орау, монша және бетке арналған түрлі маскалар.
Екінші рет жасатуға батылыңыз бармайтын және керісінше, үнемі қайталаудан жалықпайтын процедуралар қандай?
Қасқа арналған перманентті макияжды екінші рет жасатуым екіталай. Есесіне, дене күтімінде Icoone, EmSculpt Neo және бинтпен жасалатын прессотерапия менің айнымас фавориттеріме айналды. Ал бет күтіміне келсек, табиғи жарқырауды қолдайтын әдістерді таңдаймын: Biogenie микротоктары, BBL және жұмсақ, бірақ нәтижесі бірден байқалатын күтім хаттамалары.
Қай жерде өзіңізді шын бақытты сезінесіз?
Отбасымның жанында. Ал жаныма жайлы мекен ретінде Францияның оңтүстігін айтар едім.
Бойыңызды енжарлық билеп, көңіл-күйіңіз түскен сәттерден қалай шығасыз?
Мұндай күйден мені сүйікті құрбыларыммен кездесу тез сергітеді. Немесе табиғат аясында оңаша қалу көмектеседі: өзен жағасындағы он шақырымдық серуен, тыныштық пен таза ауа ойымды ретке келтіруге таптырмас ем.
Өзіңізді қашан сұлу сезінесіз?
Әрдайым.
Косметикалық қоржыныңыздағы ауыстырылмас құрал қандай?
QMS 10% эксфолианты. Ол теріні демалыстан жаңа оралғандай тегіс әрі жарқыраған күйге бөлейді.
Мінсіз демалыс деп нені елестетесіз?
Кейде диванда телефонға үңіліп, өзіме «ештеңе істемеуге» рұқсат берудің өзі – керемет демалыс. Ал саяхатқа шықсам, уақыт баяулап қалғандай сезілетін Мальдив аралдарын таңдаймын.
