Сыртқы жағдайларға ықпал ету қиындап, жаһандық дүрбелең үдеген қазіргі заманда адам баласының өз тәні мен денсаулығын басқаруға ұмтылуы – заңды құбылыс. Ұзақ өмір сүруге деген жаппай қызығушылық – жай ғана сән емес, уақыт талабы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамына сүйенсек, 2050 жылға қарай әлемде жасы 60-тан асқандардың үлесі екі есеге жуық, яғни 12%-дан 22%-ға дейін өспек.
Ұзақ ғұмырға деген сұраныс «wellness сананың оянуы» мен биохакингтің қайта түлеуі аясында пайда болды. Егер бұрын басты мақсат «жақсы көріну» болса, қазіргі таңда «өзіңді жақсы сезіну» бірінші орынға шықты. Сарапшылардың пікірінше, төлқұжаттағы цифрды ұлғайту үшін ғана ұзақ өмір сүрудің еш мәні жоқ. Өмірінің соңғы жиырма жылын төсекке таңылып немесе ақыл-естен айырылып (деменция) өткізуді ешкім қаламайды. Адамдар 90 жасында да белсенді болып, саяхаттап, шаңғы теуіп, өмірге ғашық болып өткісі келеді. Осылайша healthspan – яғни, тек ұзақ емес, сонымен бірге сау әрі белсенді ғұмыр сүру тұжырымдамасы дүниеге келді.
McKinsey компаниясының Future of Wellness 2025 есебіне сәйкес, тұтынушылардың 60%-ға жуығы «салауатты қартаюды» өздерінің басты басымдығы санайды. Нарық бұған лезде жауап қатып, мұзды ванналар мен NAD+ тамшылатқыштарынан бастап, күрделі эпигенетикалық тестілерге дейінгі жаңа өнімдерді ұсынуда. Дегенмен, мұның қауіпті тұсы да жоқ емес: «ұзақ өмір сүру» термині де, кезіндегі «wellness» сияқты, маркетингтік мөртабанға айналып, тіпті лаванда иісі бар шәркейлерге дейін жапсырылуы мүмкін. Саланың болашағы өнімдердің қаншалықты тиімді болатынына тікелей байланысты.
Биологиялық жас пен хронологиялық жас: айырмашылығы неде?
Бүгінде интегративті медицинада парадигманың түбегейлі өзгеруі, яғни көзқарастардың жаңаруы байқалады. Дәрігерлер хронологиялық жас (туғаннан бергі уақыт) пен биологиялық жастың (ағза жүйелерінің нақты жағдайы) аражігін ажыратып қарайтын болды. Бұл трендтің бұқаралық ақпарат құралдарына кең таралуына поп-мәдениеттің де әсері тиді. Мәселен, The Kardashians реалити-шоуының бір бөлімінде әпкелі-сіңлілі қыздар биологиялық жасын анықтайтын тест тапсырған еді. Нәтижесінде Ким уақытпен жарыста озық шығып, шынайы жасы 43-те болғанына қарамастан, биологиялық жасы 35-ті көрсетті.
Мұндай жоғары технологиялар Қазақстанда да қолжетімді. Longevity клиникасында бұл әдіс функционалды тестілеу деп аталады.
«Әдеттегі биохимиялық талдаулар ағзаның дәл қазіргі жағдайын ғана көрсетеді. Превентивті медицинаның білікті дәрігері бұл деректерден өзара байланысты көре алады, әрине. Алайда функционалды тестілер мәселеге тереңірек үңіледі, – деп түсіндіреді Валерия Лазарева. – Олар клиникалық белгілер пайда болғанға дейін ағзада қандай ақаулар басталуы мүмкін екенін алдын ала болжауға қауқарлы».
Валерия қартаю қарқыны мен теломерлердің ұзындығын талдайтын TrueAge тестін тапсырғандағы жеке тәжірибесімен бөлісті: «Менің төлқұжаттағы жасым – 45-те, ал биологиялық жасым 39 болып шықты. Қартаю қарқыным – 0,9, яғни мен нормадан сәл баяу қартайып жатырмын. Бұл, әрине, қуантады, бірақ тест қауіпті аймақтарды да анықтап берді. Мәселен, менің тыныс алу жүйемнің жасы өз жасымнан үлкендеу екен, бұл менің бұрын темекі шеккеніммен тікелей байланысты. Мұны сандар тілінде көргенде, маған қатты әсер етті. Бұл Денсаулық сақтау министрлігінің жалпылама ескертулерінен әлдеқайда тиімді жұмыс істейді: сіз ағзаңыздың нақты қай жері сыр беріп жатқанын көресіз де, әрекетке көшесіз. Сонымен қатар, күнделікті йогамен айналысқаныма қарамастан, тест маған күштік жаттығуларды қосу керектігін көрсетті. Бұл – нақты іс-әрекетке көшуге берілген түрткі».

Емдеу емес, алдын алу
Longevity клиникасында функционалды тестілер «аурудың емі» емес, болашақ мәселелердің алдын алу құралы ретінде қарастырылады. Клиникада биологиялық жасты анықтаудан бөлек, ішек микробиотасы мен гормоналды профильді зерттеуге ерекше мән беріледі.
«Біз Қазақстанда превентивті медицина туралы алғашқылардың бірі болып айта бастадық, – дейді Валерия. – Мысалы, микробиотаны алайық. Елімізде пациенттерден Helicobacter pylori табылса, оның қандай штамм екенін анықтамастан, бірден ауыр антибиотиктер тағайындалатын жағдайлар жиі кездеседі. Ал функционалды тестілер араласудың қаншалықты қажет екенін нақты түсінуге мүмкіндік береді».
Әсіресе перименопауза және пременопауза кезеңіндегі әйелдер денсаулығы назардан тыс қалмайды. Валерия гормондарды алмастыру терапиясының (ГАТ) дұрыс таңдалуы маңызды екенін атап өтті: «Гормондардан қорқу сезімі – осыдан 20 жыл бұрынғы онкология туралы «үрейлі әңгімелердің» салдарынан қалыптасқан ескі түсінік. Бүгінгі таңда сауатты таңдалған терапия – өмір сапасын мүлде жаңа деңгейге көтереді. Дұрыс таңдалған терапия либидо мен сергек көңіл-күйді қайтарып, климакс кезіндегі «ыстықтау» мазасыздығынан арылтады. Тек білікті маманға жолығып, емді сауатты бастасаңыз болғаны.
«Менопауза мен деменция – мен үшін аса маңызды екі тақырып, – деп ағынан жарылды клиника негізін қалаушы. – Өкінішке қарай, біз когнитивті деградацияның 60 жастағы адамдарда да кездесе беретін қорқынышты заманында өмір сүріп жатырмыз. Меніңше, бұл – келесі үлкен, бірақ «үнсіз» індет».
Валерияның айтуынша, деменцияның алдын алу – аңыз емес, қартайған шақты күтпей-ақ, ерте басталуы тиіс жүйелі жұмыс. Және бұл тек дәрі-дәрмекке ғана қатысты емес. «Бұл – миды шынықтыру (тіл үйрену, жаңылтпаштар айту), ұсақ моториканы дамыту және ең маңыздысы – әлеуметтену. Адам өзінің керек екенін сезініп, қарым-қатынас орнатып, қоғамның бір бөлшегі болуы тиіс. Менің анам әжеме жылдар бойы превентивті терапия әдістерін қолданғандықтан, әжем 94 жасқа дейін ақыл-есі бүтін, санасы тынық күйінде өмір сүрді. Бұл – ғажайып емес, бұл – жүйеліліктің нәтижесі».

Биохакинг 2025: Бастапқы негізге оралу
2010 жылдардың басындағы биохакингтің ең үлкен қателігі – оның шектен шыққан экстремалдығында еді. Уыс-уыс БАД ішу, қатаң тамақтану тәртібі, шексіз тамшылатқыштар – мұның бәрі түбінде үлкен мазасыздыққа әкеп соқтырды. Ал 2025 жылғы биохакингтің сипаты мүлде басқа. «Бәрі қарапайым шындыққа қайта оралды, – деп күледі Валерия. – Ұйқы, дұрыс тамақтану, күйзелісті басқару, физикалық белсенділік және жүйелі тексерістен өту (чекап). Бұл тізім іш пыстырарлық естілуі мүмкін, өйткені бұл «сиқырлы дәрі» емес. Бірақ нақты жұмыс істейтіндер – осылар ғана. Қалғанының бәрі – жай ғана қосымша әрлеу».
Тексерістер мен процедураларға деген көзқарас та анағұрлым саналы бола түсті. «Сақтықта қорлық жоқ» деп бүкіл денені МРТ-ға түсіре бергенше, 6–9 айда бір рет сауатты сауалнамадан өтіп, нақты талдаулар жасаған дұрыс. Жөн-жосықсыз тамшылатқыш алудың орнына – көрсетілім бойынша ғана тағайындалатын жеке коктейльдер қажет. «Бізде әлі күнге дейін «сергіп қалу үшін система алу» мәдениеті сақталып қалған. Мен бұған қарсымын. Тамшылатқыш «терім жарқырап тұрсыншы, маған бірдеңе салып беріңізші» деген сұраныспен емес, дәрігердің нұсқауымен, сіздің талдау нәтижелеріңізге сәйкес дайындалуы керек. Сәндегі пептидтерге қатысты да солай: олар тиімді, бірақ «көлеңкелі» нарықта қателік құны өте жоғары болуы мүмкін».
Wellness саласындағы жаңа «наным» – күйзелісті басқару болып табылады. Оның базалық деңгейі – медитация мен ұйқы болса, озық деңгейі – жоғары технологиялар. Ми жұмысын зерттеуге ден қойған Валерия соңғы инновацияларды тізіп берді: «Күйзеліске төзімділікті бағалайтын нейроэнергометрия, миды функционалды 3D-картаға түсіру, биоакустикалық коррекция. Соңғы әдіс ерекше қызықты: пациент өз миының ырғағы негізінде жасалған музыканы тыңдайды. Бұл мидың өзін-өзі реттеуіне түрткі болады. Тылсым дүние сияқты естілгенмен, бұл – мазасыздықты шынымен басатын дәлелді медицина».
Wellness Hub: Өзіңе күтім жасаудың жаңа форматы
Нарық өзгеріп жатыр: қазір пациентке диагноз бен рецепт қана емес, жолбасшы қажет. «Біз health-коучингке, яғни дәрігер қабылдауынан кейін адамды сүйемелдеуге деген үлкен сұранысты көріп отырмыз. Дәрігер емдейді, ал коуч жаңа әдеттерді өмір салтына енгізуге – ұйқыны, тамақтануды, жүктемені реттеуге көмектеседі, – деп қорытындылады Валерия. – Longevity клиникасындағы біздің мақсатымыз – толыққанды wellness hub құру. Бұл – медицинаны, денені оңалтуды, нейрокоучинг пен қоғамдастықты біріктіретін модульдік жүйе. Өйткені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өткен ғасырдың ортасында анықтап бергендей, денсаулық – бұл физикалық, менталды және әлеуметтік әл-ауқаттың толық үйлесімі».

